Қазақстан 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еңбек саласын дамыту, жұмысшы мамандық иелерінің мәртебесін көтеру, табысты арттыру, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу сияқты міндеттерді алға қойып отыр. Президент кейінгі жолдауында да осы мәселеге мән берген. Бұл бастамалардың әлеуеті жақсы, бірақ оларды іске асыру барысында жергілікті деңгейдегі, әсіресе Алматы сияқты ірі мегаполистегі жағдай мен кедергілерді ескеру керек.
2035 жылға дейін 800 мыңнан аса жұмысшы маман қажет
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл сайын еңбек нарығына шамамен 250 мың жас қосылады. Алайда олардың 18%-ы ғана – кәсіби-техникалық білім алғандар. Еңбек нарығында жұмысшы мамандар әлдеқайда көп қажет, бұл көрсеткіш кем дегенде 60% болуы мүмкін.
Еңбек министрлігінің халықты жұмыспен қамту департаменті өкілінің мәлімдеуінше, жұмысшы мамандар қажеттігі жыл сайын арта бермек.
Статистика мен экономика көрсеткіштерін байланыстырып, қысқамерзімді болжам жасаймыз. Біздің болжамымызша, 2035 жылға дейін 800 мыңнан аса жұмысшы маман қажет, – дейді департамент директорының орынбасары Айжан Жапалбаева.
Электрондық еңбек биржасында қазан айының басында Қазақстан бойынша 62,5 мыңнан аса бос жұмыс орны жарияланған. Жартысынан көбі – 34 мыңнан астам хабарламада жұмысшы маман ізделген.
Сұраныс ең көп аймақ – Алматы. Бұл қалада бес мыңнан астам вакансия жарияланған, соның екі мыңнан астамы жұмысшы маман іздеген. Еңбек нарығындағы ахуалға келсек, Алматыдағы жұмысшы мамандардың жалақы мөлшері әр салада әртүрлі.
Сұранысы көп жұмысшы мамандар қандай?
Enbek.kz дерегі бойынша, Алматыда сұранысы ең көп мамандар – құрылысшы, жүргізуші, дәнекерлеуші, электрмонтер және қызмет көрсету саласындағы мамандар. Олардың орташа айлық табысы – 250 мың-400 мың теңге аралығында, ал білігі жоғары инженерлік-техникалық қызметкерлердің жалақысы 500 мың теңгеге жетуі мүмкін.
Ең төменгі жалақы алатын топтарға тазалықшылар, көгалдандыру мамандары, асхана қызметкерлері жатады. Олардың айлық табысы – 150 мың-200 мың теңге шамасында. Бұл мегаполисте отбасын асырауға жетпейді.
2025 жылғы екінші тоқсанда Қазақстан бойынша орташа айлық жалақы 11,3% артып, 448 620 теңге болды. Алматыда бұл көрсеткіш 15,3% өсіп, орташа айлық жалақы 516 000 теңгеге жетті.

Алайда Enbek.kz электрондық еңбек биржасының дерегі бойынша, Алматыдағы барлық секторда жалақы мұндай көрсеткішпен өспеген, ал кейбір салада баяу жүріп жатыр.
«Екі жылда айлығым 180 мың теңгеден өспей отыр»
Рүстем Амангелдиев — жүргізуші, жүк тасымалдаушы. Алматыда тұрады. Оның айтуынша, кейінгі екі жылда айлығы 180 мың теңгеден өспеген.

Алматыда тұратын көпбалалы әкеге бұл айлық аз. Жұмысым ресми рәсімделген, басшылық жалақымның көп бөлігі әлеуметтік төлемдерге аударылатынын, айлықты одан әрі өсіре алмайтынын айтып, «жағдай жақсарғанда жалақыны көтеруге тырысамыз» деп уәде беріп келеді. Сол себепті қазіргі уақытта жұмыстан кейін күн сайын және демалыс күндері қосымша табыс табуға, түрлі жалдамалы жұмыс істеуге тырысамын, — дейді Рүстем Амангелдиев.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында Hh.kz сайтында жарияланған ақпаратқа қарап, сұранысы көп жұмысшы мамандар жалақысын былтырғы осы кезеңмен салыстырайық:
| Мамандығы | Орташа айлық жалақы (KZT) | Өсім (%) |
| Сатушы-консультант, сатушы-кассир | 229 471 | +22,3% |
| Жүргізуші | 300 152 | +11,5% |
| Асхана қызметкерлері (аспаз, кондитер) | 288 689 | +36,6% |
| Сауда өкілі | 354 874 | +12,4% |
| Даяшы, бармен, бариста | 252 702 | +37,9% |
| Оператор call-орталығы, байланыс орталығы маманы | 217 495 | +7,0% |
| Қоймашы | 251 057 | +21,4% |
| Қаптаушы, жинаушы | 263 564 | +32,8% |
| Тазалаушы | 166 296 | +24,2% |
| Әртүрлі қызмет атқаратын жұмысшы | 247 221 | +63,1% |
Жалақының өсуі мен сұраныстың артуы мемлекеттің стратегиялық бағытына да байланысты.
Жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі маңызды. Жұмысшы мамандарға құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайық жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі, — деген Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында.
Жұмысшы мамандардың еңбегін әділ бағалау – өзекті мәселе
Жұмысшы мамандарға сұраныс өсіп, жалақы да артқанымен, олардың мәртебесін көтеру, еңбегін әділ бағалау және әлеуметтік қорғауды күшейту – өзекті мәселе.
Ақжол Жабағиев — Алматыдағы «Домбыра әлемі» цехының басшысы, шебер. Ол еңбек адамдары туралы қоғамда әлі де таптаурын түсініктер бар екенін айтады. Оның айтуынша, қолөнер мен жұмысшы мамандықтарына деген құрметтің аздығы жастардың бұл салаға келуін тежейді.

Кейде ата-ана баласын міндетті түрде кеңседе отыратын жұмысқа немесе шенеунік болуға бағыттайды. Ал шеберлік, жұмысшы мамандықтары екінші қатарға ысырылып қалады. Бізге қазір жұмысшы еңбегін бағалау мәдениетін қалыптастыру керек. Шеберханамнан дәріс алып, домбыра жасауды үйренген жастар бар. Олар қазір нарықтағы жоғары табыс табатын мамандар қатарында еңбегінің жемісін көріп отыр. Бір айда 900 мың теңгеге дейін табыс табатын кездері болды. Алайда осы адал әрі ұлттың мәдениеті мен руханиятына үлкен пайда әкелетін іске қызығатындар аз, – дейді Ақжол Жабағиев.
Алматыдағы тігінші, қолөнер шебері Дария Кулова да осы пікірге келісетінін айтты. Оның негізгі жұмысы – дизайнер әрі қолөнерші, жеке тапсырыстар да орындайды.

Жалақым еңбегіме байланысты – неғұрлым көп тапсырыс қабылдасақ, соғұрлым табыс көп болады. Жыл сайын қолөнерге қажет материалдардың бағасы өседі, сондықтан өнім бағасы да артады. Жеке шеберлік сағатын өткізгенде байқайтыным, қоғамда көбі қолөнерші болып жақсы табыс табуға болатынына сенбейді. Алайда бұл салада орташадан әлдеқайда жоғары табыс табуға болады. Сол арқылы ел экономикасын көтеріп, отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыта аламыз. Сол себепті мұндай мамандықтардың мәртебесін көтеру өте маңызды, қоғамда насихаттау керек, – дейді Дария Кулова.
Статистикалық мәліметтер мен жеке мамандардың тәжірибесі құрылысшы, жүргізуші, дәнекерлеуші, электрмонтер, қолөнерші сияқты мамандықтардың нарықта сұранысы көп екенін және орташа айлық табысы айтарлықтай өскенін көрсетіп отыр. Дегенмен ең төменгі жалақы алатын топтардың жағдайы әлі де қиын. Бұл мегаполистегі қымбатшылықты ескере отырып, әлеуметтік қолдауды күшейтуді талап етеді.
Ақжарқын Қыдырхан

