Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында жасанды интеллект министрлігін құруды тапсырып, цифрлық шешімдерді дамыту маңызды екенін айтқан еді. Өйткені жаңа технология адамдардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, қауіпсіздігін күшейтіп жатыр. Мәселен, қазір азаматтар мобайл қолданбалар арқылы құқық қорғау органдарымен бір сәтте байланыса алады. Baribar.kz Алматыда үйде зорлық көрген әйел шұғыл көмек ала алатын бірнеше қолданбаны ұсынып отыр.
Aman
Aman – тұрмыста қысым немесе зорлық көріп жүрген әйелдерге шұғыл көмек шақыруға арналған платформа. Әйел көмек қажет кезде қолданбадағы SOS батырмасын бір рет қана басса, бірден жақын адамына және лицензиясы бар қауіпсіздік қызметіне хабарлама жіберіледі. Олар көмекке мұқтаж адамның нақты орналасқан жерін көріп, орта есеппен 5–7 минутта жетеді. Осы уақыт ішінде қолданба айналадағы дыбысты 5 минут бойы жазып, оны бір айға дейін сақтайды. Бұл жазбаны полицияға дәлел ретінде ұсынуға болады.
Қолданбаны тек үйде емес, көшеде бөтен адам шабуылдағанда, қорқытқанда және тағы басқа қауіп төнгенде қолдануға болады. SOS батырмасы абайсызда басылып кетсе, 30 секунд ішінде тоқтату қызметін басу керек.

Қолданбаны балалардың қауіпсіздігі үшін де пайдалануға болады. Мәселен, ата-ана өзінің және баласының телефонын қолданба арқылы байланыстырып, оның қайда жүргенін және қай жерлерге барып-қайтқанын көре алады. Бағдарлама баланың әлеуметтік желісі мен мессенжеріне келген буллиң, суицид немесе педофилияға қатысты күмәнді хабарламалар туралы да ескертеді. Үй, мектеп, үйірме сияқты «қауіпсіз орындарды» алдын ала белгілеп қоюға болады: бала басқа жерге кетсе, қолданба бірден хабар жібереді. Бала SOS батырмасын басса, ата-ана оның айналасындағы дыбысты тыңдай алады.
Қолданбаны алғашында Алматы мен Астана тұрғындары пайдалана алған. Қазір Қазақстанның кез келген қаласында істейді, бірақ ақылы. Оны ойлап тапқан стартапер Аружан Деменің айтуынша, алдағы уақытта олар қолданбадағы SOS батырмасын басқанда бірден полиция шақыратындай етпек. Сол үшін қазір ішкі істер министрлігімен келіссөз жүріп жатыр.
102
Тұрмыста зорлық-зомбылыққа тап болған әйел үшін әр минут маңызды. Дәл осындай сәтте смартфондағы «102» қолданбасы көмек бола алады. Бұл – қаладағы полициямен бірден байланыс орнатуға мүмкіндік беретін ішкі істер министрлігінің қолданбасы.
Әйел қысым көргенде қолданбадағы SOS деген қызыл батырманы бір рет басса болғаны. Қолданба сол сәтте бірден полиция операторына бейне не аудио қоңырау арқылы хабарласады. Оператор құрбанның жағдайын нақтылап, қолданба арқылы оның тұрған жерін анықтап, көмекке құқық қорғау органдарын жібереді.

«102» қолданбасына мәтін, фото немесе видео жіберуге болады. Мысалы, әйел зорлық сәтін түсірген бейнені немесе жарақаттарының суретін қоса алады. Бұл мүмкіндікті тек құрбан емес, төбелес, апат сияқты кез келген заңсыз жағдайға куә болған тұрғын да тегін пайдалана алады. Полиция бөлімшесіне барып арыз жазудың немесе видеоны желіге жүктеп, қоғамның назарын күтудің қажеті жоқ — дәлелді бір минутта қолданба арқылы жіберуге болады.
Алматы ЧС
Алматыда күн райына, табиғатқа, жолға және тағы басқа төтенше жағдайда көмек алудың ең ыңғайлы жолы – «Алматы ЧС» қолданбасы. Қолданба үйде зорлық көрген әйелге де көмектесе алады. Себебі мұндай жағдай да төтенше оқиға саналады. Қауіп төніп тұрса, мекенжайды көрсетіп, жедел қызметке бірден белгі жіберуге болады. Диспетчер сіздің қайда екеніңізді картадан көріп, дереу полиция не жедел жәрдем жібереді.
Қолданбаның ішінде полиция бөлімшелері мен жақын ауруханалардың байланыс нөмірлері де бар. Көмек керек кезде интернеттен ақпаратты ұзақ іздемей-ақ, бірден қоңырау шалуға мүмкіндік береді.
Смартфондағы SOS батырмасы
Android-та да, iPhone-да да телефонның оң жақ шетіндегі батырманы дыбыс деңгейін реттейтін батырмамен бірге басу керек. Тағы бір әдіс – оң жақ шеттегі батырманы бес рет тез басу. Екеуінің бірін істеген соң, экранда Emergency SOS деген жазу шығады. Оны сырғытса, 112-ге қоңырау шалынады. Батырмаларды жібермей, ұзақ басып тұрсаңыз, үш секундтан кейін телефон автомат түрде 112 нөміріне хабарласады.
Бір айта кетері, смартфонның баптауларына SOS жағдайға деп, бірнеше жақын адамыңыздың нөмірін алдын ала енгізу қажет. Сонда телефон 112-ге қоңырау шалған соң, жақындарына да шұғыл көмек керек екенін, мекенжайын жазып, хабарлама жібереді.
Тек бір нәрсені есте сақтаған жөн: адам қолданбаларды алдын ала жүктеп, қызметімен танысып, өз деректерін енгізіп қойғаны дұрыс. Сонда ғана қажет кезде тиісті шұғыл көмек ала алады.

