Ғалымжан Исабеков — Қытайдағы Бейжің медицина университетінің (Peking Univeristy) түлегі. 6 жыл емдеу ісі мамандығын оқыған. 3 жыл Бейжің функционалды нейрохирургия институтының резиденті болып, Сюану ауруханасында жұмыс істеді. Жақында Ұлыбританияға магистратураға жолдама алды. Тұманды Альбионда Ғалымжан аэроғарыш медицинасы бағытында білімін шыңдайды.

Медицина ғылымы мен басқа мамандықтарды бір-бірімен байланыстыруға болады. Үш жылда нейрохирургия бойынша оқуымды аяқтадым, бірақ өмірлік тәжірибем және адамзат болашағын айқындайтын инновациялар арқасында аэроғарыш медицинасы саласында жаңа білім алуға мүмкіндік таптым. Медицина мамандығымен оқу бітірген студенттің көбі карьерада жоғарылау үшін әдетте ішкі медицина, хирургия, гинекология немесе педиатрия сияқты тар саланы таңдайды. Ал бұдан терең «сүңгіп», бұдан жоғары «ұшсаң», жаңа, тың бағыттарды табуға болатыны білмейді. Мысалы, сүңгу медицинасы (Diving Medicine), аэроғарыш медицинасы (Aerospace Medicine) немесе экстремал медицина (Extreme Medicine) бар. Технология жылдан жылға дамыған заманда медицина да бір жерде тоқтап қалмайды. Бұл салалар келешекте үлкен сұранысқа ие болады, — дейді Ғалымжан.

Ғалымжан Исабеков
Ғалымжан Исабеков. Фото жеке архивінен

Ғалымжан бірде Ресейде өткен конференцияға қатысады. Аэроғарыш медицинасына деген қызығушылық осылай пайда болады. Ақыры нейрохирургияда алған білімін осы саламен байланыстырып, білімін жетілдіруге бел буған.

Қазір дүниежүзінде әуе тасымалы алдыңғы орынға шықты. Ұшақпен ұшатын адамдардың саны артты. Сол үшін әуе сапары кезінде де жолаушылардың денсаулығын қадағалап, жылдам көмек көрсету маңызды. Ал ғарыш медицинасы аспан денелерінің ауырлық күшінің адамға әсерін зерттейді, — дейді ол.

Ғалымжанның айтуынша, кейінгі жылдары көп мемлекет Айға, Марсқа барып, зерттеулер жүргізіп, түрлі жобаны Жерден тыс орындарда іске асыруға ниетті. Бірнеше ел Марсқа роботын жіберді. Илон Масктың Марсқа ұшу идеясының өзі ғарыш саласында жаңалық ашуға деген бәсекелестікті арттырды.

Ғарышқа ұшу техника мәселесімен ғана тоқтап қалмайды. Оның медицина жағы да басты назарда болады. Ғарышқа ұшқан кезде микрогравитация мен радиация адамның денсаулығына кері әсер етеді. Бұлшық еті жұмыс істемейді. Сүйек ауырлықты сезбейді. Оның үстіне ғарышта радиация жоғары. Ол рак ауруларының пайда болуына әкеледі. Айдың шаң-тозаңы да адамның денесіне зардабын тигізіп, аллергиялық реакция береді. Сондай-ақ ғарышкердің психологиясы, көңіл-күйінің жақсы болуы да үлкен мәселе. Мұның барлығы көп зерттеуді қажет етеді. Уақыт өте келе ғарыш медицинасы мамандарына сұраныс артады. Бұл медицинаның басты қызметі – ғарыштағы адам денсаулығының дұрыс болуын қадағалау, аурудың алдын алу, — дейді ғалым.

Ғалымжан Исабеков
Ғалымжан Исабеков. Фото жеке архивінен

Ғалымжан Қытайда батыс медицинасын меңгерген. Оның айтуынша, Қытай аз уақытта медицинаны халық үшін қолжетімді салаға айналдыра алған. Қытай мамандарының басты артықшылығы — еңбек жолын тек бір салаға арнап,  сол бағытта ғана ізденіп, білімін жетілдіруі.

Белгілі бір жүйенің сыртқа безендірілуіне емес, ішкі жұмысына көп көңіл бөледі. Мысалы, әлдебір аурухананың іші лас болып көрінуі мүмкін, бірақ дәрігерлерінің біліктілігі мен қызмет көрсетуі жағынан Американың ең үздік деген ауруханаларынан асып түседі. Өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарайды. Қытайлықтардың түсінігінде ең маңызды деген дүние бірінші кезекте жасалады. Олар аурахананың әдемілігін, тазалығын емес, науқастың жағдайына назар аударады. Қазіргі кезге дейін көргенім, білікті мамандармен сөйлесіп түсінгенім, қытай медицинасы науқастың симптомын оның бет—жүзінен, тілінен, көзінен, тырнағынан байқап біледі, яғни бір қарағанда байқалатын белгілерді ескереді. Қытай азаматтары ауырмаудың жолын іздейді. Ыстық болса, салқын ауаны күшейту, суып кетсе, жылуды арттыру арқылы адам денесін тепе-теңдікте сақтауды үйретеді. Барлық қытай осы түсінікпен өмір сүреді, — дейді ол.

Ғалымжан Исабеков
Ғалымжан Исабеков. Фото жеке архивінен

Ғалымжан Исабеков үш жыл бұрын Пекин метросында құлаған қарт кісіге алғашқы көмек көрсетіп, өлім аузынан арашалап қалған. Бұл оқиға жайлы Қытай баспасөзі жарыса жазып, әлеуметтік желілерде оқырмандар ризашылығын білдіріпті.

Резидентурада оқып жүргенде жұмысқа күнде метромен барамын. Таңғы сағат 7-лер шамасында метроның есігіне жақын жерде бір кісінің жатқанын көрдім. Дереу жанына келдім. Қолымдағы сөмкемді тастай салып жүрек соғысын, тынысын тексердім. Адам кенет құласа,  не қан-тамыр, не жүрек ауруы болуы мүмкін. Жүрек массажын жасап, жасанды тыныс бердім. Жанымызға біраз адам жиналып қалды. Олар бірден жедел жәрдем шақырды. Бес минуттан кейін қарт науқасты ауруханаға алып кетті. Кейін жазылып шыққан соң алғыс айтуға жұмысыма келді, — дейді жас маман.

Ғалымжан болашақта медицина саласында білімін жетілдіріп, Орта Азияның студенттермен тәжірибесін бөлісіп, медицинаның халықаралық дәрежеде бәсекеге түсе алатын кадрларын даярлайтын орталық ашуды қалайды.