Бұл тақырыпқа жазылған кітап не арнайы нұсқаулық та жоқ. Мәселен, бейтаныс адаммен жазбаша хабар алысу үшін қай мессенджерді таңдаған дұрыс? Telegram-да Kazakh in Cardiff атты арнаны жүргізетін IT-маман Данияр Мұхановқа біз осы сияқты аса көп мән берілмейтін, бірақ жиі ойландыратын жайттар туралы бірнеше сұрақ қойдық. 

Мессенджер, әлеуметтік желі немесе WhatsАpp. Бейтаныс адамға жазу үшін қайсын пайдаланған дұрыс?

Мессенджер дұрыс деп ойлаймын. Бірақ бөтен адамның нөмірі белгісіз болуы мүмкін. Сондай кезде әлеуметтік желіге де жазуға болады. Әрине, ондағы белсенділігін де ескерген дұрыс. Бізде көбі WhatsАpp қолданады, дегенмен Telegram-да сөйлескенді жөн санаймын. Ол жерде нөмір бөліспей-ақ, сөйлесе беруге болады.

Жұмыс бабымен хат алысқанда эмоджи қолдануға бола ма? Не үшін?

Эмоджи, смайлик
Иллюстрация: Dribbble.com ©Al Power™

Бұл өте тартысты сұрақ. Менің ойымша, іс-қағаздарда эмоджи қолданбайтындықтан жұмыс хаттарында да пайдаланбауымыз керек. Бірақ бір хатта бір ғана эмоджи қолданылса, үлкен әбестік болмайтын шығар.

Комментарий жазғанда қате кетпеуіне көңіл бөлу маңызды ма?

Фактілерді бірнеше қайтара тексеріп, грамматикалық қате жібермеу маңызды. Өйткені жіберілген қате пікірге әсер етпеуі керек. Бірақ адамдар сауатсыз жазылған комментарийді көргенде «сауатсыздың пікірі міндетті түрде қате» деген ойда болады. Сондықтан пікіріңіз көзге ілінуі үшін өте сауатты жаза білген абзал.

Қаза болған адамның әлеуметтік желідегі парақшасын достықтан шығару қаншалықты дұрыс?

Қазіргі әлеуметтік желілерде достықтан шығару деген мүлдем керек емес. Егер бір адамның жазбалары ұнамайтын болса, «көргім келмейді» не «бірақ дос болып тұра берсін» деген нұсқа бар. Сондықтан қайтыс болған адамның аккаунтына мүлдем тиіспей қалдырған дұрыс шығар. Қажет болса, жақындары марқұмның парақшасын өшіріп тастайды.

Достармен не жұмыстастармен кездескенде телефонды үстелге қоюға бола ма? Неге?

Егер қайта-қайта қарай беретін болсаңыз, онда қоймаған жөн. Бірақ біреуден шұғыл хабар күтіп отырған сияқты жағдайлар болса, телефонның үстел үстінде тұрғанында дәнеңе жоқ.

Әлеуметтік желілерден көріп жүрген адамымды кездестіріп қалсам, онымен амандасуым керек пе?

Иллюстрация: Dribbble.com ©Jih

Бұл адамның өз ыңғайына байланысты. Егер интроверт болсаңыз, әлеуметтік желі тұрмақ, бір мектепте оқыған таныстармен де амандаспауға моральдық құқыңыз бар. Амандасам десеңіз, әрине, өз еркіңіз.

Әңгіме үстінде телефонға келген хабарламаларға қарауға бола ма? Неге?

Егер шұғыл хабар күтіп отырсаңыз, кешірім сұрап қарауға болады. Бірақ бұл әңгіменің шырқын бұзып жіберетіндей жиі қайталанса, тірлігіңізді бітіріп барып әңгімеге көшкен абзал.

Көшеде таныстармен амандасқанда құлаққапты шешу керек пе?

Міндетті түрде шешу керек деп санаймын.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!