Осы кезеңде КСРО кинематографының стилі де өзгеріп, кейінгі тарихта кәсіби сыншылар «кино жауһары» деп баға берген, цитаталары ел ішіне кең тараған бір топ туынды жарыққа шықты. Біз солардың ішінде халықаралық кинофестивальдерден, кәсіби қауым мен қалың көрерменнен жоғары баға алған және кинопрокатта табысқа кенелген 5 еңбекті атап өтпекпіз.
«Заречный көшесіндегі көктем»
Ірі металлургия комбинатының жас жұмысшылары кешкі мектепте білім алады. Бір күні мұнда пединститут түлегі Татьяна Левченко келеді. Болат қорытушы, еңбек екпіндісі сымбатты Александр Савченко жас мұғалімді ұнатып қалады. Әдетте қыздардың өзі бұған қылымситын, ал бұл жолы олай болмады…
Феликс Миронер мен Марлен Хуциевтің 1956 жылы түсірген көркем фильмі прокатта 30 миллионнан астам көрермен жинап, «Кеңес дәуіріндегі ең танымал картиналардың бірі» атанды. Басты рольдерде Николай Рыбников пен әуесқой актриса Нина Иванова (бүгінде 85-те) ойнайды. Фильмнен соң Борис Мокроусовтың «Когда весна придет, не знаю» әні кеңес халқының ең сүйікті әндерінің біріне айналды.
«Карнавал түні»
Жаңа жыл карнавалына ұжым түрлі өнерпаз қатысатын керемет бағдарлама әзірлеп қойса, басшы оны баяндама мен дәріс оқылатын ресми шараға айналдырғысы келеді. Жылдың басты мерекесін ішпыстырарлық етіп өткізбеу үшін мәдениет үйінің қызметкерлеріне бірігуге, небір айла ойластыруға тура келеді…
Бұл — Эльдар Рязановтың үлкен экранға шыққан тұңғыш фильмі. Киноактриса, КСРО халық артисі Людмила Гурченконың өміріндегі екінші ролі. Картина 1956 жылы кеңес кинопрокатының лидері болды. Сыншылар бұл фильмді Хрущев жылымығының символы деп есептейді. Режиссер Александр Орловтың айтуынша, фильммен бірге халық санасында жарқын болашаққа деген үміт пайда болды. Кейіпкерлердің «- Бақыт… Бола ма? — Әлбетте болады!» дейтіні сондықтан. Лента жарты ғасырдан астам уақыт бойы Жаңа жыл түні көрсетілетін сүйікті фильмге, ондағы «Пять минут» әні жаңажылдық үздік композицияға айналды.
«Биіктік»
Бірегей домна пешін салушы бригада құрылысты мерзімінде аяқтауға асығады. Біреудің қолымен от көсеп үйренген пәлеқор басшы құрылысшыларға ықпал етуге тырысады. Бірақ ұйымшыл бригада оның арам ойымен жүрмей, жұмысты адал істеп бағады. Құрылыс алаңында бригадир Николай мен дәнекерлеуші Екатеринаның сүйіспеншілік хикаясы да қатар өрбиді…
Режиссер Александр Зархидің картинасы Карловы Вары халықаралық фестивалінің бас жүлдесін, Мәскеу халықаралық кинофестивалінің алтын медалін иеленді. Фильмнің басты рольдерінде Николай Рыбников пен Инна Макарова (бүгінде 92-де) ойнады. Көрермен бұл фильмге «жарқын образдар қалыптастырған жылы фильм» деп баға берген.
«Тырналар ұшып барады»
Вероника мен Бористі ешнәрсе ажырата алмастай көрінетін. Екеуінің махаббатына көкте ұшқан тырналар да куә болғандай еді. Бірақ оқыстан басталған соғыс Бористі ғашығынан, Вераны үйінен айырды. Сүйіктісінің ағасы қызды өзіне үйленуге мәжбүрлейді. Бористен хабар күтіп қажыған қыз сүйгеніне адал болмағаны үшін қоғамнан теперіш көре бастайды. Ал оның сүйіктісі соғыстан ақыры оралмайды…
Фильмнің режиссеры — Михаил Калатозов. Басты рольдерде Татьяна Самойлова мен Алексей Баталов ойнады. Картина 1958 жылы Канн фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.
«Мекенжайы жоқ қыз»
Актриса болуды армандайтын әдемі қыз бен көрікті де ақылды құрылысшы жігіт пойызда танысады. Бірақ пойыз Мәскеу вокзалына жеткенде екеуі бір-бірінің мекенжайын алып үлгермейді. Жігіт ұнатып қалған қызын досымен бірге үлкен қаладан шарқ ұрып іздейді. Бір-біріне ғашық болған екеу картинаның соңғы сәтінде ғана жолығысқанға дейін неше алуан оқиғаны бастан кешеді…
Фильмде 50-жылдардың секс-символы Николай Рыбников пен беймәлім әуесқойдан кәсіби актрисаға, халық артисіне айналған Светлана Карпинская ойнайды. Эльдар Рязановтың бұл жұмысы кинопрокатта топ жарды. Онда орындалған «Для нее любовь забава», «Красавица Москва», «Куда же ты скрылась» сияқты әндер ел ішіне кең тарады. Қазіргі киносыншылар лирикалық комедияға «өткен кезеңнің ең ізгі кинофильмдерінің бірі» деп баға береді.