Тұлым тек қыздарға қойыла ма?

Қазақ халқында қыз балаға тұлым қою дәстүрі жиі кездеседі. Оны «тұлым шаш», «тұлымшақ» деп атайды. Қырқынан шығып, қарын шашы алынған қыз баланың екі шекесінен шөкім шаш қалдырған. Халқымыз қыз баланың шашын тазалық үшін бір жасқа дейін алып отырады. Ал тұлым шашқа ұстара тимеген. Қыз бала бойжеткенде тұлымын бұрымына қосып өреді. Тұлымды көбіне қыз балаға қойған. Оны Абылай хан туралы жырдағы мына жолдар дәлелдейді:

Қос айдарлы ұл кетті, Қос тұлымды қыз кетті.

Ұл балаға да тұлым қойылады, бірақ бұл сирек кездеседі. Мысалы «Қамбар батыр» жырында мынадай жолдар бар:

Шекесінде Қамбардың Бар екен алтын тұлымы.

Қыз баланың тұлымы бос жіберілсе, ұл балаға қойылған тұлым өріліп, ұшы ішіне қарап түйіледі.

бұрым, шаш, қазақ қызы
Фото: Massaget.kz

Қандай кезде қызға үш бұрым қойылады?

Қыз бойжеткенде оған міндетті түрде қос бұрым қояды. Бұрым — өрілген ұзын шаш. Қос бұрым қою «жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деген сенімнен, «қосағымен қоса ағарсын» деген тілектен туған. Қос бұрым — қыздың назы мен бостандығының белгісі.

Қызға құда түсушілер көбейгенде қос бұрымға тағы бір бұрым қосылады. Бұл «көп құда түсушіден тек жақсысы бұйырсын» деген ізгі ниеттен туған. Бірақ қазақ халқы қызға үш бұрым қоюға да аса сақтықпен қарайды. Өйткені мұны «менмендік әрі құда таңдаудың бір көрінісі» деп те түсінетіндер болған.

бұрым, шаш, қазақ қызы
Фото: Massaget.kz

Сыңар бұрым кімдерге қойылды?

Сыңар бұрымды көбіне оң босағада отырып, тұрмысқа шықпай қалған қыз қояды. Бұл — жалғыздықтың белгісі.

Кей деректе сыңар бұрым немесе көпбұрымдылық зинақорлықты көрсетеді деп жазылған. Мысалы, Шоқан Уәлиханов Қашқарға жасаған сапарында көпбұрымды қыздар туралы да жазады. Оның айтуынша, қыздардың бұрымы олардың өмірлік тәжірибесіне байланысты, яғни көп бұрым көп некеде болған немесе жеңіл жүрісті әйелдерге қойылады.

Халқымыз бұрымды кескендерге қандай жаза қолданған?

Қыз баласының бұрымы ешқашан кесілмеген. Бабаларымыздың қалыптасқан дала заңдарында шашқа байланысты арнайы ұстанымдар болған. Егер әлдебіреу әйелдің бұрымын кессе, ол әйелдің дене мүшесінің бірін кескенмен бірдей деп есептеген. Сол себепті бұрым үшін құн төлеткен. Әйел үлкен күнә жасаса, оның бұрымын кескен. Әйел үшін бұл ауыр жазамен, тіпті, өліммен тең. Сонымен бірге жас қыздар шашының ұшын кесіп тастаса, әжесі немесе анасы оны шапалақпен ұратын болған.

 

Бұрымды қай кезде жаюға рұқсат етіледі?

Қыздар бұрымын ешқашан тарқатпаған. Тек қара жамылған үйдің әйелдері жеті күнге дейін бұрымын тарқатып жүреді. Бұрымын тарқатып, екі бүйірін таянып жылау, үлкен қайғы-қасіреттің болғанын білдіреді.

«Екі бүйіріңді таянба, жамандық шақырма» деген тыйым да осыдан қалған.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!