1. «Сен мұны жасай алмайсың, — әкел, мен өзім жасайын!»
Психологтар бұл сөздердің балалардың психикасына ауыр тиіп, оларды сәтсіздіктерге бағыттайды деп есептейді. Мұндайда балақан өзін ақылсыз және епсіз, ебедейсіз сезініп, болашақта бір нәрсені өздігімен бастауға қорқады, өйткені ол ата-анасы тағы да ұрсады деп есептейді.
2. «Мә, ала ғой, тек үніңді шығарма! (Тек шулама!)»
Кейбір ата-ана баласының «Бер, берші, бере қойшы!» деп ұзақ уақыт «ызыңдағанын» көтере алмайды. Алайда олар баласының сұрағанын берсе, бала болашақта «ызыңдау» мен жалыну арқылы қалағанын алуға болатындығын мықтап түсініп, келешекте осы «тактиканы» жиі қолданып, ата-анасының «Жоқ!», «Болмайды!» деген сөздерінің құны шамалы екендігін түсінеді.
3. «Мұндайыңды тағы да көрсем – менен жақсылық күтпе (менен таяқ жейсің)!»
Практика көрсеткендей, ата-ананың бұл қатқыл сөздері жәй ескерту ретінде қалады: әке де, шеше де баласын жазаламайды. Ата-ананың сөздері мен әрекеттері сәйкес келмегеннен кейін бала үшін олардың сөздерінің құны төмендейді. Балаларыңызды қорқытпаңыздар! Бала өзінің жасағанының салдары қандай болатындығын (құпталатындығын немесе жазаланатындығын) нақты білуі керек. Ал ата-ананың айғайы еш жақсы нәтижеге әкелмейді.
4. «Мен «Қой!» дедім ғой!»
Балаңызбен бұлай дөрекі сөйлеспеңіз! Бұл Сіздің балаңыз ғой! Егерде ашуға бір сәтке болса да бой алдырып, балаңызды негізсіз ұрыссаңыз, — онда балаңыздан кешірім сұрағаныңыз жөн болар! Өйткені мұндайда балақан өзін қауқарсыз сезініп, Сізге ренжиді. Сол себепті де ол Сізді тыңдап, жасағанын қойғанның орнына қарсылық көрсете бастайды: кішкентайлары жылайды немесе қырсыға бастайды, ал ересектері үндемей кетеді, алайда олардың ата-анасына деген сенімдері кеми түседі.
5. «Сен мынаны түсінуің керек!..»
Бұл сөздер мен оның жалықтырып жіберетін жалғасы балалардың басым көпшілігінде қарсылық туғызады. Балақан нақыл айтқанды түсінбей, әке-шешесін тыңдамайды, назарын басқа жаққа аударады. Ата-ананың айтқан ақылын әсіресе ренжіп, ашуланып немесе көңілі бір нәрсеге алып-ұшып, өрекпіп тұрған баланың қабылдауы кемшін болады. Баланың кішкентай адам екендігін ұмытпаңыз! Оның да бас қатырар проблемалары болады емес пе? Сол себепті де ол өз ойларына шомып, өз мәселелеріне батып, Сіз айтқан дәлелдерге құлақ аспауы мүмкін.
6. «Болмашы (титтей, биттей, кіттей) нәрсеге алаңдап қайтесің!»
Алайда бұл нәрсе балақан үшін тіпті де ұсақ, болмашы емес шығар?!. Өзіңіздің балалық шағыңызды есіңізге түсіріңізші!.. Иә, бала қолына ойыншықтың тимегеніне немесе құмнан салған үйшігінің бұзылғанына ренжуі мүмкін, өйткені оның кішкене әлемінде ойыншық пен үйшік ол үшін ең маңызды нәрселер болып табылады!.. Баланың проблемаларына немқұрайдылық танытып, ата-аналар оның сенімін жоғалтып алуы мүмкін! Кейінірек, өсе келе, олар бұдан да күрделі проблемаларымен бөліспейтін болады.
7. «Мені (немесе: әкеңді, анаңды, атаңды, әжеңді) аясаңшы!»
Бұл сөздерді баламызға анда-санда болса да айтамыз. Алайда, ерте ме, кеш пе баламыз ылғи да «Қасқыр! Қасқыр!» деп айқайлай беретін қойшының сөзіне иланбай қойған секілді бұл сөздерге деген сенімін бәсеңдетуі ықтимал. Сол кезде бала анасының (атасының, әжесінің) шындығында да өзін нашар сезініп тұрғанына тіпті назарын аудармауы мүмкін. Бала бұл сөздерді жәй әншейін мені тыныштандыру үшін айтып тұр деп ойлап қалады.
8. «Жоқ, мұны сатып алмаймыз, өйткені ақша жоқ (немесе: қымбат)!»
Балаға барлық заттарды сатып алудың қажеті жоқ екендігін түсіндіру өте қиын. Алайда бала бұл сөздерді басқаша түсінеді: «демек, егерде әке-шешемде ақша болса, онда дүкенде барлығын да сатып алуға болатын екен-ау!» Бұлай айтпай, оның орнына «Мұндай ойыншық сенде бар емес пе?» немесе «Кәмпитті көп жеу денсаулыққа зиян!» деп түсіндіру қажет. Әрине, балаға түсіндіру тиым салғаннан гөрі анағұрлым қиын! Бірақ бала ата-анасының бұл затты неліктен сатып алудан бас тартатындығын білуі керек.
9. «Өзіңдей пәленшені қарашы, ал сен болсаң…»
Әрі қарай баланың қандай нашар (жаман, бұзық, т.б.) екендігін айтамыз. Балаларды бұлай сөгуге болмайды! Өйткені бұл олардың өзін-өзі бағалауын бәсеңдетіп, баланың шындығында да өзінің осындай (нашар, жаман, тентек, жалқау) екендігіне сене бастап, соған сәйкес болып кетуі мүмкін.
Алимов Асхат