«Робот»
Алла Пугачеваның репертуарындағы ең алғашқы ән, студияда жазылған алғашқы композициясы. Композитор Левон Мерабов Михаил Таничтің өлеңіне 1965 жылы жазған. Ән «С добрым утром!» радиобағдарламасында тұңғыш рет орындалды.
«Арлекино»
Болгар композиторы Эмил Димитровтың ақын Борис Баркастың өлеңіне жазған әні. Кейін әннің музыкасын орыс композиторы Павел Слободкин өңдеді. 1975 жылы бұл композицияны Алла Пугачева Болгарияда өткен «Алтын орфей» эстрада әні халықаралық байқауында айтып, бас жүлдені иеленді.
«Мне нравится…»
Марина Цветаеваның «Мне нравится, что Вы больны не мной, мне нравится, что я больна не Вами…» деп басталатын өлеңіне «орыс әдебиетінің күміс ғасырының баға жетпес жауһары» деген баға берілген. Режиссер Эльдар Рязановтың 1975 жылы түсірілген әйгілі «Тағдыр тәлкегі немесе Буыңыз жеңіл болсын!» аталатын фильмі үшін композитор Микаэл Таривердиев бұл өлеңге ән жазды. Романсты Алла Пугачева орындады. Фильмде Надежда Шевелеваның ролінде ойнаған актриса Барбара Брыльска оны өзі орындап отырғандай имитация жасады. Алла Пугачева осы кинокартинадағы «У зеркала» (Марина Цветаева, Микаэл Таривердиев), «По улице моей» (Белла Ахмадулина, Микаэл Таривердиев), «На Тихорецкую» (Михаил Львовский, Микаэл Таривердиев) романстарын да орындады.
«Не отрекаются любя»
Әні Марк Минковтікі, сөзі Вероника Тушнованікі. Композитор оны о баста «Ерлер, еркектердің қалпағын киіңіздер» атты лирикалық комедияға арнап жазыпты. Ән тұңғыш рет 1976 жылы орындалды. Ол 1978 жылы Алла Пугачеваның «Песня года» телефестиваліндегі дебюті болды.
«Песенка про меня»
Әні Александр Зацепиндікі, сөзі Леонид Дербеневтікі. «Женщина, которая поет» кинофильмі үшін 1978 жылы жазылды. «Так же как все» деген атаумен де танылған.
«Маэстро»
Композитор Раймонд Паулстың Илья Резниктің өлеңіне жазған әні. Ән 1980 жылы алғаш рет орындалды, бір жылдан соң авторлар «Песня года» телефестивалінің лауреаты атанды.
«Ты на свете есть»
Марк Минков 1979 жылы Карен Шахназаровтың «Ақкөңілдер» фильмі үшін бір керемет әуен жазады. Бірақ бұл картина табысты бола қоймайды, әдемі әуенді қимаған композитор оны Алла Пугачеваға көрсетеді. Әнші музыкаға Леонид Дербеневтің өлеңін таңдайды. 1982 жылы эстрада шедеврі делінетін «Ты на свете есть» осылай дүниеге келді.
«Миллион алых роз»
1981 жылы Раймонд Паулс пен ақын Леон Бриедис латыш тілінде «Подарила Мариня девочке жизнь» атты ән жазды. Оны Айя Кукуле, Лариса Мондрус сияқты әншілер орындады. Кейін Раймонд Паулс пен ақын Андрей Вознесенский әннің орысша мазмұнын жасауды ойлайды. Латышша нұсқасы қызына өмір сыйлағанымен бақыт сыйлауды ойламаған ана туралы болса, орысшасы актрисаға ғашық суретші туралы хикаяға айналды. Алла Пугачева әуелі әннің сөзін ұнатпайды, бірақ Андрей Вознесенский өлеңді өзгертуге үзілді-кесілді қарсы болады. Примадонна мәтіні қарабайыр көрінген әнді лажсыз айта бастайды, ал ән хитке айналады. Композиция әншіге даңқ сыйлап қана қоймай, оны ақынмен татуластырды да.
«Айсберг»
Композитор Игорь Николаевтың алғашқы әндерінің бірі. «Айсбергтің» өлеңін ақын Лидия Козлова жазды. Алла Пугачева оны 1983 жылы тұңғыш рет орындады. Бір жылдан соң көрерменнің өтініші бойынша ән «Песня года» телефестивалінде лауреат атанды.
«Три счастливых дня»
1982 жылы Алла Пугачева Франциядан оралған соң сол сапар туралы әуеннің нотасын түсірді. Кейін оған ақын Илья Резник сөз жазып берді. Ән 1989 жылы Кореяда тұңғыш рет орындалды.
«Любовь, похожая на сон»
Биыл бұл әйгілі әнге 25 жыл толды. Әннің авторы — Игорь Крутой, өлеңі ақын Валерия Горбачеванікі. Композиция Алланың орындауында махаббат гимніне айналды. Күні кеше Алла Пугачеваның 70 жас мерейтойына арналған концертте оны Димаш Құдайберген орындады.
«Бессонница»
1994 жылы Алла Пугачева «Любовь, похожая на сон» әнімен бірге тағы бір хитті — «Бессонницаны» орындады. Леонид Дербеневтің өлеңіне әнді өзі жазды. Өзінің айтуынша, ол бастапқыда бұл әнді өзге орындаушыларға сату үшін жазған, бірақ кейін жанды қозғайтын композицияны ешкімге бергісі келмей қалады.
«Примадонна»
1997 жылы Алла Пугачева «Евровидение» халықаралық байқауына Ресейдің атынан қатысты. Байқау үшін «Примадонна» атты ән шығарды. Әншінің айтуынша, композиция халық артисі Людмила Гурченкоға арналған, ал оны әуелі Валерий Меладзе орындауы керек болды. Алла Пугачева бұл әнмен «Евровидениеде» 15-орын алды. Бұдан соң әншіні бәрі «Примадонна» атайтын болды.
«Позови меня с собой»
1997 жылы жарыққа шыққан бұл ән Ресейдегі ең танымал 100 эстрада әнінің қатарына енеді. Әннің музыкасы мен сөзін Татьяна Снежина жазған.
«Нас бьют, мы — летаем»
«Нас бьют, мы — летаем» — Алла Пугачеваның жаңа замандағы хиті. Оны 2014 жылы композитор Андрей Китарев пен ақын Джахан Поллыева жазды. Әнші бұл ерекше композицияны Юрмалада «Новая волна-2014» байқауы аясындағы шығармашылық кешінде алғаш рет орындады. Бұл әнді Алла Пугачеваның елдегі қоғамдық-саяси жағдайға наразылығы деп бағалаушылар бар.