Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мемлекеттік университетінің ректорын қабылдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий мен Ресейдің халықаралық ынтымақтастық және ашық дипломатия жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Сергей Орджоникидзені қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастары тату көршілік және одақтастық негізде жемісті дамып келе жатқанын айтты.

Сіздермен Нұр-Сұлтанда жүздескеніме қуаныштымын. Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы елордада 2000-жылдары ашылды. Бүгінде қазақстандық студенттерге сапалы білім беретін бұл оқу орны табысты жұмыс істеп жатыр. Жақында Мәскеуде өткен келіссөздер аясында Владимир Путинмен білім саласындағы екіжақты ынтымақтастық деңгейінің жоғары екенін атап өттік, сонымен бірге оны жоспарлы түрде дамытуға уағдаластық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді. Виктор Садовничий екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы көпжылдық байланыстардың жемісті болғанын атап өтті.

Менің Қазақстанға деген ықыласым ерекше. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы Қазақстанды жаңғыртудың жаңа кезеңінде сұранысқа ие, білікті кадрларды даярлауға зор үлес қосқанын мақтан етемін, — деді Виктор Садовничий.

Тараптар екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде де пікір алмасты.