Алаяқтық ісі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылған әнші Гауһар Әлімбекова ақталып шықты. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі сот залынан хабарлады.
Әншінің ісіне қатысты бүгінгі апелляциялық сотта судья ақтау туралы шешім шығарды.
Гауһар Әлімбекованың айыбы дәлелденбеді, оған алты жылға жаза беру туралы шешім өзгертілсін. Ақталсын, — деген үкім оқыды қалалық сот төрағасы Нұрғазы Әбдіханов.
Істің тағы бір фигуранты Феруза Ордабаеваны сот 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бірақ рақымшылық заңына байланысты оның жаза мерзімі екі есе қысқарды.
Бұған дейін осы істің басты фигуранты Феруза Ордабаева өз кінәсін мойындап, Әлімбекованың қылмысқа қатысы жоқ екенін айтқан. Гауһар Әлімбекова өзіне жала жабылғанын мәлімдеді.
2019 жылдың 30 қаңтарында әнші, композитор Гауһар Әлімбекованың алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланған еді. Кейін әнші сот шешімі күшіне енгенше қолхатпен босатылды. Оның адвокаты Жұмағали Зинелов сот үкімімен келіспейтінін және таяу арада апелляциялық сотқа арыз түсіретінін мәлімдеді.
Гауһар Әлімбекова «Ақ келін», «Көктемге хат», «Жас келін», «Қыз сезімі», «Оралшы, махаббат», «Ақ маралым» әндері арқылы танымал.