Елнұр Бейсенбаев: Жастар әділ сайлауды көруі қажет

Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімі жөнінде пікір білдірді.

Ол бұл шешімді «саяси белгісіздік ұзаққа созылмауы үшін қойылған нүкте» деп бағалады. Қоғам белсендісінің айтуынша, сол себепті де ол — орынды әрі дер кезінде қабылданған шешім.

Мәселен, Қиыр Шығыстағы, Батыс Еуропадағы жағдайды алатын болсақ, көптеген мемлекеттің саяси өмірінде әлі де тұрақсыздық болып отыр, сонымен қатар көршілес Украинаның шығысындағы мәселе — біз үшін үлкен сын-қатер. Біз қоғамдық саяси өмірімізді тұрақты және дұрыс жалғастыру үшін еліміздің Президентінің уақытында сайланғанын қалаймыз. Осы ретте алдымыздағы сайлауды ашық, жоғары деңгейде өткізу қажет. Биыл 2001 жылы туған жастар, яғни миллениумның балалары да дауыс береді, олар әділ сайлауды және президенттікке лайық азаматтарды көруі қажет. Бұл орайда үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар және қоғамдық пікір көшбасшыларының өте белсенді атсалысатын кезеңі келді, — дейді Елнұр Бейсенбаев.

Қоғамдық кеңес мүшесінің айтуынша, Қазақстан билік транзиті кезеңін өте жақсы өткереді.

Барлығына іске сәт, осы екі ай толқынның жақсы өтуіне тілектеспін. Сайлау әділ өтіп, халқымыз дұрыс таңдау жасайды деген ойдамын, — дейді ол.

Еске салайық, биыл 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл туралы Қазақстан халқына үндеу арнаған Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.