Светлана Есбосынова Назарбаев Зияткерлік мектептеріне басшы болды

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы қамқоршылық кеңесінің шешімімен Светлана Есбосынова басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы білім беру ұйымының баспасөз қызметі хабарлады.

Светлана Есбосынова Зияткерлік мектептер жүйесінде 2009 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол адами ресурстарды басқару департаментінің директоры, атқарушы директор лауазымдарында еңбек етіп, 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап басқарма төрағасының орынбасары болды.

Светлана Есбосынова 1978 жылы Гурьев педагогикалық университетін тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмәмдаған. Тарих, мемлекет негізі мен құқығы пәндерінің мұғалімі, сыныптан және мектептен тыс іс-шараларды ұйымдастырушы болып қызмет еткен, Атырау мен Таразда мектеп директоры болып жұмыс істеді.

Ол 1999-2002 жылдары Атырау облысы білім басқармасының басшысы, 2003-2007 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің бөлім басшысы, Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры, 2007-2008 жылдары «СИТ» АҚ инновациялық технологиялар департаментінің директоры, Kazsatnet АҚ пайдалану департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының жаңа басшысы 2000 жылы «Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі» төсбелгісімен, 2004 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.