Алматы облысында латын әліпбиіне көшудің тиімділігі талқыланды

Алматы облысында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі» атты семинар-кеңесте өзекті мәселелер талқыланды. Шараның мақсаты – латын әліпбиіне көшудің тиімділігі жөнінде терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру.

Шараға Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы және «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, Төтенше жағдайлар департаменті, Денсаулық сақтау басқармасы, «Қазпошта», Ұлттық банк, Әскери бөлімдер мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері қатысты. Бұл туралы Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы хабарлады.

Семинарда  жаңа әліпбиге көшудің ұтымды тұстары,  тіліміздің төл табиғаты мен ішкі заңдылығын сақтау, шет тілден енген сөздерді тілімізге икемдеп жаза отырып сананы жаңғырту, қазақ тілінің сөздік қорын байыту мәселелері  төңірегінде сөз болды.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева, институттың бас ғылыми қызметкері, терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Айдарбек баяндама жасап, жаңа әліпби мен емле ережелеріне қатысты басқа да өзекті мәселелерді көтеріп, келелі ой айтты.

«Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ… Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады», — дейді Елбасымыз. Сондай тұлғаларымызды үлгі етіп, ұлттық рухты ояту қажет. Мәселен, тіл білімінің атасы А.Байтұрсынұлының «Жат сөздерді басқалар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар» деген пікірі арада қанша уақыт өтсе де  құндылығын жойған жоқ.  ХХ ғасырдың басында сөздік түзушілер аударуға көнбеген сөздерді қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәкестендіріп, алып отырған. Мысалы: зауыт, капыйтал, кассы, бактерійе және тағы басқа. Біз латын графикасына көшкенде өткенімізді таразылай отырып, бізге дейінгі ғалымдардың зерттеу, пікірлерін ескере отырып, тіліміздің заңдылықтарын бұзбауға тырысуымыз қажет. Шет тілден енген банкинг, паркинг, холдинг, рейтинг, тренинг, боулинг сияқты сөздердің соңындағы «нг» дыбысының орнына тіліміздегі «ң» дыбысын таңбалауға болады, — деді тіл білімі институтының қызметкері Орынай Жұбаева.

Сонымен қатар Алматы облысының «Тіл» оқу әдістемелік орталығының оқытушысы Зинагүл Қожакеева «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге байланысты өткізіліп жатқан іс-шаралар» тақырыбында баяндама жасады. Семинар-кеңеске қатысушылар жаңа әліпбиге қатысты сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауап алды.