Алматы облысының әкімі екі баланы құтқарған студентке білім грантын береді

Талдықорғанда өрт шыққан үйден екі кішкентай баланы құтқарған 19 жастағы студент Арман Бақытбайұлына білім гранты беріледі. Бұл туралы Арманды қабылдаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Арманның ерлігін естіген облыс әкімі Амандық Баталов студентті қабылдап, оқуын, отбасылық жағдайын, қызығушылығын сұрап, білді.

Ерліктің үлкен-кішісі болмайды. Біреудің қайғысына бейжай қарамай, көмек қолын созғаның сенің үлкен жүректі азамат екеніңді көрсетті. Өзің спортпен айналысасың, салауатты өмір салтын ұстанады екенсің. Сен сияқты жастардан қатарластарың үлгі алуға тиіс. Әрқашан осындай қарапайым, байсалды, мейірімді қалпыңнан танбай, арман-мақсатыңа жете бер! Саған әрдайым жақсылық тілеймін, – деп Амандық Баталов тілек білдіріп, Арманға ноутбук сыйға тартты.

Арманның айтуынша, ол университетте дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша ақылы бөлімде оқиды. Спортқа жаны жақын, футболды жақсы көреді, бұрын еркін күреспен де айналысқан.

Университет ректоры Қуат Баймырзаевтың айтуынша, Арман жақсы оқитын студенттер қатарында, сессияны жақсы көрсеткіштермен аяқтаған. Ректор Арманның ержүректігіне ризашылығы ретінде әрі отбасылық жағдайын ескеріп, оқу ақысын өзінің жеке есебінен көтеруге дайын екенін жеткізді. Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдады, дегенмен жаңа оқу жылынан бастап Арманға облыс әкімінің гранты берілетінін айтты. Сонымен қатар Арманның қарындасына да мектепті аяқтаған соң қолдау көрсетілмек.

Еске салайық, Талдықорғанның тұрғыны, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 1 курс студенті Арман Бақытбайұлы 6 наурызда көшеден өтіп бара жатып көп пәтерлі үйдің екінші қабатынан көмекке шақырған дауысты естиді. Ол үйдің терезесінен түтін шығып жатқанын көреді. Арман газ құбырымен өрмелеп, пәтердің терезесінен екі кішкентай қызды алып шыққан. Кішкентай балалардың ата-анасы есікті сыртынан құлттап, жұмысқа кеткен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, қажет көмекті көрсеткен.