«Мюнхен» (2005)
«Мюнхен» — режиссер Стивен Спилбергтің көркем фильмі. Картинада Мюнхен Олимпиадасы кезіндегі террорлық акті және Израиль тарапынан орындалған арнайы операция көрсетіледі.
Фильм Канада журналисі Джордж Джонастың Vengeance: The True Story of an Israeli Counter-Terrorist Team атты кітабы бойынша түсірілген. Дәл осы кітап бойынша 1986 жылы «Гедеон қылышы» атты телевизиялық фильм жарыққа шыққан. Туынды үздік картина ретінде «Оскар» сыйлығына ұсынылған.
Террористер тобы 1972 жылы өткен Мюнхен Олимпиадасы кезінде Израиль спортшыларын кепілге алып, шетінен өлтіріп жатады. Оған жауап ретінде Израильдің барлаушы тобы «Қара қыркүйек» ұйымының көзін құртуға әрекеттенеді. Бұл операция 20 жылға созылады.
«Арго» операциясы» (2012)
Фильм — Американың Тегерандағы алты елшісін құтқару операциясы туралы триллер. Сценарийі Джошуа Берманның «Орталық тергеу басқармасы американдарды Тегераннан жалған фантастикалық фильм арқылы қалай құтқарды?» атты мақаласы мен Тони Мендестің «Маскировка шебері» кітабының желісі бойынша түсірілген.
1979 жылы 4 қарашада Ирандағы революция шарықтау шегіне жетеді. Исламистер АҚШ-тың Тегерандағы елшілігіне шабуыл жасап, территориясына енеді. Қызметкердің бірі асығып жүріп мөрлерді, құпия құжаттарды, тағы басқа материалдардың көзін құртып үлгереді. 52 қызметкер тұтқынға түседі. Алты адам қашып шығып, Канада елшісі Кен Тейлордың үйіне жасырынады. Қашып шыққаннан кейін 74 күн өтеді. Қызметкерлер шығатын жол таба алмайды. Бір күні Орталық тергеу басқармасының маманы Тони Мендеске «Маймылдар планетасы үшін соғыс» фильмін көргеннен кейін идея келеді.
Бен Аффлектің саяси триллері «Оскардың» үш бірдей статуэткасын жеңіп алған, 2013 жылы «Үздік фильм» атағын алған. Одан бөлек «Алтын глобус», BAFTA және тағы басқа бірнеше сыйлықты да иеленген.
«Қасым» (2013)
Басты кейіпкердің прототипі — әйгілі партизан, Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов.
Төрт бөлімді фильмді Қазақстан, Украина, Ресей бірлесіп түсірген. Қасым Қайсеновті украин халқы «қара Вася» деген атпен жақсы таниды. Фильмде Қасымның кезекті тапсырмасы — немістің жанармай қоймасын жару миссиясы суреттеледі. Кинохикаяның басында Қасыммен бірге әрекет етуі керек болған диверсанттар тобы жойылып кетеді. Енді оған тек жергілікті тұрғындар көмектесе алады.
Лента арнайы эффектіге, романтикалық көрініске толы. Қасым Қайсеновтің ролін Қуандық Қыстақбаев сомдайды. Картина режиссеры — Леонид Белозорович.
«Басты назарда» (2015)
Фильм Бостонның католик шіркеуіндегі жыныстық қудалау туралы жанжалға байланысты оқиғаларға негізделіп түсірілген. Осы оқиғадан кейін кардинал Бернард Лоу орнынан кетеді.
Картина 2016 жылы «Оскар» сыйлығын «Үздік фильм», «Үздік сценарий» номинациялары бойынша жеңіп алды.
Фильм The Boston Globe газеті журналистерінің зерттеуін суреттейді. Осы зерттеудің нәтижесінде көп дін қызметшісінің балаларды зорлап келгені анықталған. Мақаланы жазып жатқан кезде журналистер 87 дін қызметкерінің қылмысын әшкере етті. Жария болғаннан кейін педофил дін қызметкерлерінің саны 290-ға жеткен. Ал олардың Бостандағы жалпы саны 1500 еді. Осы оқиғадан кейін кардинал Бернард Лоудың бұл туралы білгені, оларға көмектесіп, фактілерді жасырғаны мәлім болады. Рим папасы ІІ Иоанн Павел Бернард Лоуды отставкасынан кейін Рим куриясының бірнеше әкімшілік қызметіне тағайындап, Санта Мария Маджоре базиликасының аға дін қызметкері деп таныған.
«Дигнидад колониясы» (2015)
Шынайы оқиғаға негізделген романтикалық, тарихи триллердің басты рольдерін Эмма Уотсон, Даниэль Брюль және Микаэль Нюквист сомдайды.
Лента 1973 жылы Чилидегі әскери төңкерістің эпицентрінде қалған жас жұп — стюардесса мен фотографтың басынан кешкендерін суреттейді. Фильмде Чилидегі неміс қоныстарының бірі — Дигнидад колониясындағы оқиғалар көрсетіледі. Бұл колонияны 1961 жылы неміс сектасының басшысы Паул Шефер құрған, кейіннен Пиночет режиміне бағынбағандарды қинау және өлтіру үшін қолданатын саяси түрмеге айналған.
Фильмді Германия, Люксембург және Франция бірлесіп түсірген.