Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында...

Алматы облысында спорт кешені тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді

«Тарлан» спорт кешені Алматы облысының азаматтарына тегін қызмет көрсетпек. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы спорт кешенінің директоры Бақтияр Артаевпен осындай келісімге келді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Келісімшарт мерзімі бес жылға дейін созылады. Қаржы көлемі 197 миллион теңгеге бағаланды. Спорт кешені тегін қызмет керсетіп, мүгедек жандар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да назарынан тыс қалдырмайды.

Білікті мамандар мен бапкерлердің жетекшілік етуімен жұмыс істейтін кешен бокс, дзюдо, еркін күрес және ауыр атлетика сияқты спорт түрлеріне айқын басымдық береді.

«Туған жер» бағдарламасының аясында елге белгілі азаматтар мен атымтай жомарт тар туған жердің тұғырына түйіршіктей болсын тағылым дарытып, қолдан келген көмектерін аямай, қолғабыс етіп жатыр. Игі істің бір мысалы ретінде Алакөл ауданындағы Үшаралдың шығыс жақ беткейінен орын тепкен «Тарлан» дене шынықтыру, сауықтыру кешенін атап өткелі отырмын. Бұл — орталықтың қарапайым халық арасында бұқаралық спортты дамытатын бірден-бір серпін, — деді Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.

«Тарлан батырлары» ЖШС-нің директоры, Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев спорт кешеніне шолу жасады. Оның айтуынша, жалпы аумағы 6 мың шаршы болатын кешеннің құрылысын BB Company ЖШС жүргізген.

Ғимараттың ішінде түрлі спортқа бейімделген залдар мен секциялардан бөлек, жаттықтырушылар мен дәрігерлер бөлмесі, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері орналасқан. Кешеннің сыртқы жағында футбол алаңы мен Street workout қалашығы салынған, — деді Бақтияр Артаев.