Әкімдік жұртшылықты Жайықтағы зерттеулерді қадағалауға үндеді

Атырау облысының Азаматтық орталығында ғылыми бірлестік өкілдері, қоғам белсенділері мен журналистер Жайық өзенінде балықтың жаппай қырылуын талқылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев былтыр «Жайық-Каспий Орхус» орталығымен бірге Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету бойынша қоғамдық тыңдаулар өткенін еске салды.

Мемлекеттік саясат мемлекеттік органдардың есептілігін дамытуға, барлық үдерістің ашықтығына бағытталған. Сондықтан аса маңызды мемлекеттік жобаларды біз қоғамдық бақылауға алуға ұмтыламыз. Біз жұртшылықтың талқылауға белсенді және сындарлы қатысқанын қалаймыз, — деді Жасұлан Бисембиев.

Ішкі саясат басқармасының басшысы жиынға қатысушыларды балықтың жаппай қырылуын тоқтату мен болдырмау жөнінде ұсыныс айтуға үндеді.

Қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын білесіздер. Сот сараптамалары тағайындалды. Сәуір айында тергеу нәтижелері жарияланады деп ойлаймын, — деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Садыбекұлы.

Қоғамдық бірлестік өкілдері өзен суының сапасы мен оның адам денсаулығына қауіпсіздігі туралы күн сайын есеп жариялауды ұсынды.

Қазіргі уақытта Аtpress.kz ақпараттық сайтының «Атырау қоғамдастығы» арнасында кез келген адам Жайық өзенінің су сынамаларының зертханалық талдауы бойынша апта сайын толық ақпарат ала алады. Зертханалық талдау негізгі иондар, биогенді, органикалық заттар мен ауыр металдарды қоса алғанда, су сапасының 41 көрсеткіші бойынша жүргізілді.

Біз ештеңені жасыруға мүдделі емеспіз, біз осы жағдай бойынша объектив ақпарат алуға мүдделіміз. Бәріміз осы аймақтың тұрғындарымыз, осы суды ішіп жатқандықтан біздің болашағымыз баршамызды алаңдатады, — деді Жасұлан Бисембиев.

Жайық-Каспий бассейніндегі балық популяциясының жағдайы туралы балық өнеркәсібінің ардагері Бостан Сүлейменов те пікір білдірді.

Балық аулау лимитін бөлу мәселесін қайта қарау қажет. Азайту бағытында. Әрине, ғылыми ұсынымдар негізінде. Бүгінде бұл мәселені шешу қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласу керек. Балықтың өліміне қатысты жағдай жалпы қорға әсер етпейді деудің қисыны жоқ. Балық қорын көбейтуді қамтамасыз ету үшін жас балықты құртып алмау қажет. Бұл үшін таяудағы үш жылда ұсақ торлы аумен балық аулауға тыйым салу қажет. Мұндай тәжірибе Жайықта көксерке мен раушан күрт азайғанда қолданылған, — деді ол.

Қоғамдық тыңдау барысында облыста балық аулау мәселесін білетін қызметкерлер — ихтиологтар тапшылығы туралы айтылды. Соңғы екі жылда облыс әкімдігі өңірге қажет мамандар даярлау үшін білім гранттарын бөліп келеді. Биыл балық шаруашылығы саласына қажет мамандарды даярлауға грант бөлінеді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар мен ұсыныстар жасақталды. Мәселен, өзенді зерттеуге міндетті түрде қоғамдық сарапшыларды тарту және халыққа есеп беру, Атырау мұнай өңдеу зауытының Жайықтың ластануына ықпалын анықтау, балық популяциясын сақтау және қалпына келтіру жөніндегі ең басты шараларды анықтау. Өзен суының жай-күйі, «АтырауСуАрнасы» ЖШС ауызсуының сапасы туралы ақпарат толық әрі ашық болуы керек. Сонымен бірге қоғамдық белсенділер Жайық өзеніндегі зерттеулер барысында бағдарламалар мен жобаларға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына мониторинг жасайтын жұмыс тобын құруды ұсынды.