Жоба Enactus Turan ұйымының, Әлеуметтік инклюзив бағдарламалар орталығының және «Рух» орталығының ұйымдастыруымен өтті. 2 сәуірде қойылым Сейфуллин даңғылы мен Тимирязев көшесінің қиылысында орналасқан Forum сауда орталығында тағы көрсетіледі.
Ерекше күтімді қажет ететін балалардың театрландырылған қойылымы — кез келген адамға арналған мәдени шара. Ол мұндай балалардың сенімін арттырып, мүмкіндіктер шекарасын кеңейтеді, жаңа достар табуына көмектеседі.
Сахнаға шыққан балалардың жан салып дайындалғанын байқамау мүмкін емес. Оқиғаны барынша жанды да қызықты етіп баяндаған жас актерлер көрерменді бірден баурап алды. Қойылым барысында сергітетін ән де, көңілді көтеретін би де, ойландыратын монологтар да болды. Ерекше балалар «Кішкентай ханзада» шығармасын өзгеше қырынан таныстыра алды. Олар Антуан де Сент-Экзюперидің арманшыл, ақ пейілді образдарын есте қаларлықтай сомдады.
Есту, көру, жүру немесе сөйлеу жағынан қиналатын балалар дені сау замандастарымен ойнай алмай, көптеген мүмкіндіктен айырылады. Ерекше балаларға ата-ананың ғана емес, қоғамның да ықыласы қажет. Осы шектеулерді жойып, қоғаммен қарым-қатынастың есігін ашу үшін балалардың инклюзив театры — таптырмас шара.
Қайсар мен Сева — кішкентай ханзада ролін сомдаған балалар
Бұл рольді сомдау үшін ұзақ дайындалдық. Әрине, барлық сезімнің ішінде қорқыныш басым болды. Қиындықтардың туғанына қарамастан қойылым ойдағыдай өткен сияқты. Бізге ұйымдастырушылар көп көмектесті. Актер шеберлігінің қыр-сырын меңгеріп, жаңа әуестігіміздің пайда болғанына қуаныштымыз, — дейді балалар.
Серік Есматов, спортшы:
Достарым бұл қойылымды ұйымдастырамыз дегенде мен бүкіл шаруамды тастап келдім. Бұл — менің бірінші тәжірибем. Қойылымның авторы болдым. Бүгінде инклюзия туралы жиі айтылады. Бірақ біз оны көрмейміз, сезінбейміз. Мен де инклюзив жағдайдамын. Орнымнан тұра алмаймын. Жүгіріп, секіре де алмаймын. Бірақ осының бәрін армандаймын. Ал балалардың қаншалықты арманшыл екенін елестетіп көріңіз. Олар әлемді басқаша қабылдап, оны бізге сыйлағысы келеді. Бірақ қоғам оларды қабылдауға әрдайым ашық емес. Жолда талай қиындық пен шектеу кездеседі. Біздің инклюзив жағдайда олар одан да көп. Қоғам бізді көрмейді, естімейді, елемейді, тіпті, құлақ салғысы келмейді. Біздей адамдарды әрдайым жасырады. Бұл өте өкінішті. Соған қарамастан біз әрдайым алға ұмтыламыз. Оны бүгінгі қойылымнан-ақ байқау қиын емес.
Жобаның басты мақсаты — кәсіби инклюзив театрды дамыту. Жоба ерекше күтімге зәру балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мүмкіндігін арттырып, баланың қосымша дағдыларын арттырады, жеке тұлға ретінде жетілуіне көмектеседі.
Бейбарыс Хамитов, қойылымның режиссеры:
Мен «Тұран» университетінің режиссура мамандығында оқимын. Инклюзив балалармен бірінші рет жұмыс істедім. Олармен жұмыс істеуге талпынысым өзгеше болды. Олар өте зерек те көңілді, бірігіп жұмыстануға ашық. Бұл қойылымды бір ай бойы үлкен дайындықпен ұйымдастырдық. Шараға 10-15 жас аралығындағы 15 шақты инклюзив бала қатысты. Дәл осы шығарманы таңдауымыздың да себебі бар. «Кішкентай ханзада» — балаларды сергітетін, үлкендерді ойландыратын терең шығарма. Осы қойылым арқылы біз балалардың актерлық шеберлігін сынап, талантын арттыруға, ересектерді балалық шағына саяхаттатуды мақсат еттік. Қолымыздан келген сияқты. Көзіне жас алған біраз көрерменді байқап қалдым. Енді менің балалармен жұмысым аяқталды. Оларды қимаймын, қоштасқым келмейді.