Күләш Байсейітова атындағы вокалистер байқауының жеңімпаздары анықталды

Күләш Байсейітова атындағы ІХ республикалық вокалистер байқауында Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының солисі Балуан Беркенов пен Шымкент музыка колледжінің студенті Нұрқанат Тапиев гран-при иеленді. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Вокалистер байқауы 1-4 наурыз аралығында Алматыда өтті. Оның мақсаты — үздік жас опера орындаушыларын анықтау және қолдау. Сонымен қатар ұйымдастырушылар Қазақстанның ұлттық музыка мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан танымал өнер қайраткерлерінің есімдерін қайта жаңғыртып, оларды жастар арасында дәріптеуді көздейді.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорының арқасында Күләш Байсейітова атындағы конкурсты жаңғырту — бұл еліміздің музыкалық білім беру ортасындағы бірегей құбылыс. КСРО халық артисі Күләш Жасынқызының таланты мен еңбегінің алдында жоғары жауапкершілікті сезіне келе біз осы жобаны жүзеге асыру үшін бар күшімізді салдық. Конкурстың ұйымдастыру комитеті үлкен дайындық жұмысын жүргізді. Конкурсқа қатысушыларды іріктеу төрт айдай өтті. Ең мықты деген әрі талантты орындаушылар төрт күн бойы конкурс лауреаттары атағы үшін күресе отырып, өздерінің вокалдық шеберліктерін көрсетті, — деді П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев.

Конкурсанттардың өнеріне кезінде байқаудың лауреаттары атанған еліміздің опера өнерінің танымал қайраткерлері баға берді. Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева мен Азамат Жылтыркөзов, Қазақстанның халық артистері Ғафиз Есімов пен Базарғали Жаманбаев болды.

Айта кетейік, конкурс аясында қазылар өздері де концерт берді және сайыстың қатысушыларына шеберлік сабағын өткізіп, тәжірибесі мен білімін бөлісті.

Бұл байқау ең алғаш 1975 жылы өткізілген еді. Биыл ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының қолдауымен ол 14 жылдан кейін қайта ұйымдастырылды.

Конкурсқа еліміздің барлық аймағынан музыкалық оқу орындарының студенттері мен кәсіби опера орындаушылары және 16-32 жас аралығындағы 100-ден астам жас орындаушы қатысты.