“Басынан баста”

Фото: Film.ru

Тұрақты жұмысынан шығып кеткен адам ең бірінші нені ойлайды? Әлбетте, “Бәрін басынан бастаймын” деп мақсат етеді. Питер Сигалдың “Басынан баста” фильміндегі Майяға күтпеген жерден үлкен компаниядан жұмыс бұйырады. Бірақ ол арманының орындалатынына, жетістікке жететініне сенуден қалған. Сонда да ол оңтайлы сәтті қалт жібермеуге әрі өмірін жаңадан бастауға бел буады. Бірнәрсені қайта бастау оңай көрінгенімен біраз тер төгуге тура келеді. Майя армандауды ғана емес, соған сай еңбектенуді де біледі. Карьераңызды жаңадан бастауға ниеттенсеңіз, сізге “Басынан баста” фильмін қараған абзал.

“Қайырлы таң!”

Фото: Filmz.ru

Жалақысы аз болса да, тез арада жұмысқа орналасу қажет болды делік. Жаңа жұмысты іздемес бұрын Роджер Мичеллдің “Қайырлы таң” фильмін көруге болады. Фильмдегі бас кейіпкер Беккидің күш-жігері, ойындағысын жүзеге асырмай тыншымайтын мінезі сізді шабыттандырмай қоймайды. Ол телеарнадан шығып қалып, рейтингі төмен бағдарламаның продюсері болып жұмысқа орналасады. Бекки өзіне үлкен жауапкершілік жүктелгенін ойлап, бірнеше тәуекелге барады. Оның үстіне, бұл кезде жеке өмірінде де кикілжің. Көбіне карьерамен қатар жеке өмірдегі проблемаларды да шешуге тура келеді. Ал сіз оған Бекки сияқты дайынсыз ба?

“Нарық заңы”

Фото: Thr.ru

Айналысатын іс таппай, біраз уақыт үйде жатып қалған кезде жұмысқа тұру туралы ойыңыздан айнуыңыз әбден мүмкін. Бірақ тағдырдың сізге құрған өз жоспары бар. Ол кейде күтпеген жерден тосын сый дайындайды. Бірақ жақсыға қол жеткізу үшін бірнәрсені құрбан етуге тура келсе, қандай шешімге барасыз? Стефан Бризенің “Нарық заңы” фильміндегі Тьерри 20 жылдай үйде жұмыссыз отырған. Оған нарықта репутациясы өте жоғары компания басшылығы жұмыс ұсынады. Біраз уақыт өткеннен кейін Тьерридің басшысы оның жаңа ортаға үйреніскенін, өз ісіне адалдығын байқап, қосымша іске шақырады. Бұл фильм қабілетіңізге сеніміңізді арттырып, барлық сынаққа дайын болуды үйретеді.

“Стажер”

Фото: Аrena.ua

“Жаңа жұмысқа барғым келмейді. Онда мені қалай қабылдайды? Басқа ортаға сіңісіп кете аламын ба?” Бұл – әр жұмыс іздеушінің өзіне қояр сұрағы. Кейде пессимист болып, ештеңе істемей жата берсек деп ойлайтынымыз да жасырын емес. Мұндай сәтте қалай жігерленеміз? Нэнси Мейерстің “Стажер” фильміндегі Бен Уитакер 70 жаста. Зейнетке шыққанына да біраз болған. Бірақ ол үйде қол қусырып отырғысы келмейді. Жас кезіндегідей жұмыс істеп, қоғамнан қалыс қалмауды ойлайды. Бен жұмысты жалақы үшін емес, оны ерекше көңіл-күймен, қызығып істеу адамның өзіне пайдалы екенін дәлелдейді де.

“Салам, Нью-Йорк”

Фото: Еurasiaiff.com

Арманыңыз шетелге шығып, сонда карьера құру ма? Ол үшін арнайы жоспарыңыз да бар шығар? Бірақ басқа елде сізді жаңа жұмыспен құшақ жая қарсы алмайтынын ескеріңіз. Руслан Акунның “Салам, Нью-Йорк” фильміндегі Батыр алыстағы ағасына сеніп, ойланбастан жол жүріп кетеді. Арманы – магистр атанып, мықты адвокат болу. Алайда оны алып қала жылы шыраймен қарсы алмайды. Сөмкесі жоғалған, оқуға құжат тапсыра алмаған жас жігіт күн көру үшін бірнеше жұмысқа орналасады. Оның жұмысқа барған сәттері – бөлек-бөлек оқиға. Фильм сізді бірнәрсені қайта бастап көруге жігерлендірмей қоймайды.

“Әрқашан “Иә” де”

Фото: Laguna-akul.ru

Жұмысты жаңа қарқынмен істеуге құлқыңыз болмай ма? Достарыңыз сізді үйден шығара алмай әбігерлене ме? Ештеңеге зауқыңыз болмаса, сізге Пейтон Ридтің “Әрқашан “Иә” де” фильмін бір көріп алу керек. Себебі ондағы бас кейіпкер Карл үнемі айтатын “Жоқ” сөзін “Иә” дегенмен алмастыра отырып, өмірін түбегейлі өзгерткен. Оның мұндай қадамға баруына досы себепкер болады. Нендей сұраққа болсын “Жоқ” деп жауап беретін ол енді кез келген ұсынысты қуана қабылдайды. Осының арқасында оның мінезі мен айналасына қарым-қатынасы біраз өзгереді.

“1+1”

Фото: Mail.ru

Өмірде тілегенің іздемей-ақ табылатын кездер болады. Жұмыс та дәл солай, ойламаған жерден өзіңе ұнайтын саланың маманы болып кетуің ғажап емес. Оливье Накаш пен Эрик Толеданоның “1+1” фильмінің бас кейіпкері Дрисс – жұмыссыз. Ол жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыны алуы үшін  құжат дайындап жүреді. Өзіне күтуші іздеп жүрген аристократ Филипп жұмыссыз Дрисстің ерек болмысына қызығып, қызметке шақырады. Жұмыс істеу түсіне де кірмеген Дрисс аристократтың ұсынысынан бас тартпайды. Ол жалақысы жоғары жұмыс қана емес, өзіне дос та тауып, өмірін басқа арнаға бұрады.

“Әзәзіл Prada киеді”

Фото: LostFilm.INFO

Әдемі кеңседе, әлемдік танымал журнал редакциясында жұмыс істеуді сіз де армандайтын шығарсыз? Бірақ мұндай жұмысқа қол жеткізу оңай болмасы түсінікті. Басшылық сізге жайлы орынды жайдан жай бере салмайды. Ол үшін тыраштана еңбек етіп, аянбай тер төгуіңіз керек. Дэвид Френкельдің “Әзәзіл Prada киеді” фильміндегі Андреа дәл осы қағиданы негізге ала отырып, оны өз ісімен көрсетеді. Бір кезде оны көзіне де ілмеген бастығы жас қыздың қабілетін мойындайды. Фильмді тамашалап отырып, Андреаның табандылығынан шабыттануға болады.

“Ештеңеге қарамастан”

Фото: From-ua.com

Жұмыстан шығып қалған кезде қайғырып, біраз ес жимай жүруіңіз мүмкін. Бірақ бірнәрсе есіңізде болсын: сіз істеген, істеуге мүмкіндігіңіз болған жұмысқа денсаулығына байланысты орналаса алмай жүрген адамдар бар. Марк Ротемундтың “Ештеңеге қарамастан” фильмінің бас кейіпкері Салияның көзі тек 5%-ға көреді. Ол әлемдегі ең ірі мейрамханалардың бірінде даяшы болып жұмыс істегісі келеді. Бұл арманының жолында ол көзінің нашарлығына қарамастан басқа қалаға аттанады, тағылымдамадан өтеді. Осы арқылы мақсаты бар еңбекқор адам бәріне де төтеп бере алатынын дәлелдейді. Әркімнің жұмыс істеуге шамасы жетеді, ендеше, өмірге өкпе артып не керек?

“Бақыт жолында”

Фото: Kg-portal.ru

Жұмыстан шығып қалған адамды шабыттандыратын фильм дегенде оқырманымыздың көбі бірден Габриеле Муччиноның “Бақыт жолында” картинасын еске түсірген болар. Оған себеп жоқ емес. Фильмдегі бас кейіпкер Криске тұрақты жұмыспен бірге баспана да керек. Қасына кішкентай ұлын ертіп, әр жерге бір түнеп жүріп, ол үлкен компанияға орналасу үшін жанталасып, сынақтан өтеді. Жұмыссыз, табыссыз адам қиындықты сабырмен бастан өткеріп, ары қарай талпына білуі керек. Бар қабілетіңді көрсетіп, төзімді болсаң, еңбегіңді бағалайтын басшылық, бір кісілік орын табылады. Кристің айтпағы – осы.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!