Басты бет Жаңалықтар Нұр-Сұлтандағы жол-көлік апаты: зардап шеккендердің қатары көбейді

Нұр-Сұлтандағы жол-көлік апаты: зардап шеккендердің қатары көбейді

Бұған дейін 25 адамның зардап шеккені хабарланған еді. 36 адамның 23-і ауруханаға жатқызылды. Олардың арасында Филиппиннің 1983 жылы туған азаматшасы да бар.

Оқиға орны. Фото: Тengrinews.kz

Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов жантүршігерлік жол-көлік оқиғасынан қайтыс болғандардың отбасына және зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктің атынан және өз атымнан жол-көлік апатынан қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2 адам қаза тапты, 36 адам түрлі жарақатпен ауруханаларға жатқызылды, — деді Бақыт Сұлтанов әкімдікте өткен отырыста.

Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровтың айтуынша, оқиға орнында жедел жәрдемнің 19 бригадасы жұмыс істеді.

Барлығы 36 адам зардап шекті, 2 адам қаза тапты, 23 адам ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің арасында Филиппиннің 1983 жылы туған азаматшасы бар, оның жағдайы ауыр деп шамаланып отыр. Алдын ала диагнозы — «көкірек қуысы жарақаты, жамбастың сынуы». Зардап шеккендермен психологтар жұмыс істеп жатыр, — деді Қамалжан Надыров.

Жол-көлік оқиғасынан жедел жәрдем көлігінде болған екі фельдшер де зардап шекті. Олардың бірі жабық бас-ми, бірі тізе жарақатын алған.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Нұр-Сұлтанда болған жантүршігерлік көлік апатынан автобустың 53 жастағы жүргізушісі мен 1992 жылғы жолаушы келіншек қайтыс болды. Автобус жүргізушісінің артында төрт баласы, жолаушы келіншектің бір баласы қалып отыр.

Жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы 26 наурыз күні сағат 09.14-те Қабанбай батыр даңғылында болды.

№ 303 бағыттағы автобус № 12 бағыттағы және № 53 бағыттағы автобустар мен жедел жәрдем көлігін соққан. Тағы бірнеше жеңіл автокөлікке де соққы тиді. Екі адам қаза тапты. Бұған дейін 25 адамның зардап шеккені хабарланған еді.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version