1500 жұмыссыз азамат кәсіпкерлік негіздерін үйренеді

Алматы облысында «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне үйретуге бағытталған оқыту басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

2017-2021 жылдары іске асырылуы керек жоба жұмыссыз, өзін-өзі қамтыған азаматтар мен жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Ерлан Датқаевтың айтуынша, биыл оқыту барлық аудан орталығында өтеді.

Кәсіпкерлер палатасы 2019 жылы 1500 адамды бизнеске оқытып, солардың ішінен 300-ге тарта жобаны қаржыландыруды жоспарлаған. Жалпы биыл Алматы облысында шағын несиелендіруге 4,7 миллиард теңге бөлінген, — деді Ерлан Датқаев.

Өткен жылы да оқыту облыстың барлық ауданында өткізілді. Курсқа 3361 адам қатысып, оның 916-сы өз ісін ашып, 2,5 миллиард теңгеге қаржыландырылды.

Бір айлық курс сабақтарын отандық бизнес-тренерлер береді.

Оқыту бағдарламасы аясында қатысушыларға салық режимдері, заңнамадағы өзгерістер түсіндіріледі, маркетинг негіздері, бизнес саласындағы сұраныстағы бағыттар жөнінде білім беріледі. Теориялық сабақтармен бірге тәжірибелік дәрістер, кәсіпкерлік объектілерін аралау, табысты бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастырылады, — дейді бизнес-тренер Арнұр Тоқанұлы.

Қатысуға өтінім Кәсіпкерлер палатасының филиалдары немесе Жұмыспен қамту орталығы, жергілікті әкімдік арқылы қабылданады және үміткерлер онлайн тестілеуден өтеді. Қатысушылар тестілеу нәтижесі бойынша оқуға қабылданады.