Алик Шпекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзі басқаратын агенттіктің мемлекеттік қызмет саласындағы атқарған жұмысы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде қабылдаған шаралары туралы баяндады, мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін реформалау барысы туралы мәлімет берді.
Жақып Асанов Президентке сот жүйесін жаңғырту барысы жөнінде және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясындағы міндеттердің орындалуы туралы есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жетілдіре беруді және халықтың сот билігіне сенімін арттыруға бағытталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына акционерлік қоғамның биылғы екі айда атқарған жұмысының нәтижелері мен қордың даму стратегиясын жүзеге асыру жоспары жөнінде баяндады. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» компанияларын IPO-ға шығару және қор активтерін жекешелендіру үдерістері жөнінде мәлімдеді.