ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасы екі оқылымда қабылданды.
Мемлекет басшысы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес Парламенттің қарауына «ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын енгізді. Бұл жоба республика астанасының атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді көздейді.
ҚР Конституциясына сәйкес Үкімет Ата Заңымызға Астананың атауын өзгерту туралы түзету енгізу үшін республикалық референдум өткізу жөнінде ҚР Президентіне ұсыныс жасады. Президент бұл ұсынысты референдумға шығармай, Парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл мәселе бойынша Конституциялық кеңес өзінің оң қорытындысын да берді, — деді Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Бірлескен отырыс барысындағы талқылаудан кейін депутаттар Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы шешімді бірауыздан қабылдады.
20 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаев есімін ұлықтау үшін Қазақстан астанасына Нұрсұлтан атауын беруді ұсынған еді.
Мұндай ұсынысты депутаттар бұған дейін 2016 жылдың 23 қарашасында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай айтқан еді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.