Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты мәлімдеме жасады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат төрағасы ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Inform.kz

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылғаны және Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігінің Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшкені туралы мәлімдеме жасады.

ОСК баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2019 жылғы 20 наурызда 09.00-де Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды, онда үш мәселе қаралды:

1) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы;

2) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы;

3) Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігінің Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа көшкені туралы.

Конституцияның 42-бабының 3-тармағына сәйкес Республика Президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сонымен бірге Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған жағдайда тоқтатылады. Конституциялық кеңестің 2019 жылғы 15 ақпандағы № 1 қаулысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық мәртебесінен оның өз еркін білдіруіне сәйкес өкілеттігін тоқтату құқығы туындайды. Ол – Мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға дербес негіз. Тиісті қаулы қабылданды.

Конституцияның 48-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының төрағасына көшеді. Өзіне Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Сенат Төрағасының өкілеттігін доғарады. Тиісінше № 885 Жарлықтың 2-тармағымен Президенттің өкілеттігі қалған мерзімге Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа көшетіні көзделді, – делінген мәлімдемеде.

Осыған байланысты Конституцияның 48-бабының 1-тармағын және “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Конституциялық заң нормаларын басшылыққа ала отырып, ОСК Сенат депутатының өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы қаулы қабылдап, Парламент Сенатына тиісті ұсыным енгізді.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясына, “Қазақстан Республикасының Президенті туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес “Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін атқару туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 19 наурыздағы № 887 жарлығы негізінде қабылданды.

Еске салайық, 19 наурыз күні Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді.

Заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қызмет ете беремін. “Нұр Отан” партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесімін, яғни өздеріңізбен бірге боламын… Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!