Үкімет пен Ұлттық банк мәлімдеме жасады

Үкімет пен Ұлттық банк халықтың әл-ауқатын арттыру, экономикалық өсімді ұлғайту, инфляциялық процестерді төмендету және қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі саясат сақталатынын мәлімдеді.

Мәлімдемеде Үкімет пен Ұлттық банк Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының бұрын берген тапсырмалары мен жариялаған бастамаларын орындайтыны айтылған.

Мемлекеттік бағдарламалар мен құрылымдық реформаларды іске асыру Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының және «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына тиімді қол жеткізу үшін жалғастырылады. Биыл экономика өсімі 3,8%-дан төмен емес деңгейде, ал инфляция 4-6% дәлізінде болады, — делінген Үкіметтің баспасөз қызметі жария еткен мәлімдемеде.

Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты болжамды қазыналық саясатты жүргізуін жалғастыра береді. Бюджеттік міндеттемелер мен әлеуметтік бастамалар толық көлемде орындалады. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге ерекше көңіл бөлінеді.

Ұлттық банк төмен инфляцияны қолдауға бағытталған болжамды ақшалай-несие саясатын жүргізуін жалғастыра береді. Валюта нарығында, банк секторында және қаржы нарығының басқа сегменттерінде жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданады. Ұлттық банктің жеткілікті көлемде алтын-валюта активтері және теңгенің айырбас бағамына қатысты алыпсатарлық операциялардың алдын алуға қажет құралдары, оның ішінде реттеу құралдары да бар.

Қазіргі экономикалық ішкі және сыртқы факторлар ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді. Жағымсыз тәуекелдер көрініс берген жағдайда Үкімет пен Ұлттық банк олардың салдарын барынша азайтуға және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етуге қажет ресурстарға ие, — делінген мәлімдемеде.