Ұлттық музыканы заманауи әуенмен әрлеу қаншалықты дұрыс? Бұдан дәстүрлі музыкамыз бұрмаланып кетпей ме?

Ерлан Сәбитов, қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

— Трио болып бірікпей тұрғанда Әсемді рок әншісі ретінде танитынмын. Сонда рок пен қобыз қалай үйлесер екен деп ойладым. Біраз тәжірибем бар, үйретіп алармын дедім. Ең бірінші қобыздың үнін естігенде Әсем 20 минуттай тоқтамай жылады. Орыс ортасында өссе де, қаны қазақ қой, дархан даланың үні оны тербеп жіберді.

Мысалы, «Туған жер» әнін алайық. Қазақтың даласын адам қалай елестетеді? Әр дыбысты, әр нотаны көрерменнің көз алдына туған жерін алып келетіндей етіп айту керек. Туған жеріңе келесің, жотаға шығасың. Қарасаң, түтін шығып жатыр, мал жайылып жүр. Осының бәрін әнші өзінің сағынышымен көрермен жүрегіне жеткізе алуы керек.

Ерлан Сәбитов
Ерлан Сәбитов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Халық әндерінің «тура осылай айтылуы керек» деген ережесі, нақты аранжировкасы жоқ. Сондықтан да шығар, оларды әркім әрқалай айтып жүр, әншілерді кінәлай беруге де болмайды. Ал біз кішкене шегінгенді дұрыс көреміз. Ауыздан ауызға тарап, бүгінге дейін жеткен әндерді көне нұсқасына келтіріп айтамыз. Өзім халық әндерін Жамал Омарованың орындауында тыңдағанды ұнатамын. Ол кісі «Ләйлім шырақ», «Ахау, керім», «Ағажан, Ләтипа» сияқты әндерді мүдірмей, нотасын келтіріп шырқайтын. Оны қасымдағыларға да тыңдатып, ескі нұсқасы бойынша айтуға тырысамыз, алға емес, артқа жүреміз. Топтың құрылудағы мақсаты да осы болатын. Біздікі жастар сол әндерді ұмытпаса екен деген тілек қой.

IV-V ғасырлардан бізге қобызбен тартылатын сегіз-ақ күй жеткен. 70 жыл бодандық құрсауында болғанымыз тағы бар. Қобызды шаманизмнің қалдығы, бақсының құралы деп есептеп, тартуға тыйым салған уақыт болды. Консерваторияда әуелі прима қобыз, арт қобыз, бас қобыз ашып, қылқобызды біразға дейін енгізбеді. Аяғында «Өлген адамға жаназа шығаруға болмайды» дегенге дейін барды. Қазір біздің әндердегі қобыздың, домбыраның партиясына аса жауапкершілікпен қараймыз. Қобыздың әуені өзге музыканттардың да көзін ашатындай орындалуы керек.

"Тенгри" этно тобы
«Тенгри» этно тобы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әннің аранжировкасы оның әуелгі нұсқасын орындауға кедергі болмай ма?

Ерлан Сәбитов:

— Аранжировкасын да өз нұсқасына сай келетіндей етіп жазамыз. Кей әншілердің сағынышты білдіріп тұрған өлеңді тез, көңілді етіп айтатынын байқаймын. Әннің айтылуы оның мағынасына байланысты. Әнші сахнаға шыққанда өзін ғана емес, көрерменді де ойлауы керек. Кезінде Ермек Серкебаевпен бірге гастрольге көп шықтым. Сол кісі «Залдағы 3 мың адамның үшеуіне ұнасаң, сахнаға бекер шықпаған екенмін деп ойла. Сол — сенің еңбегіңнің нәтижесі» деп айтатын. Кейбірі 1-2 ән жазып, соған бейнебаян түсіріп, Республика сарайына халық жинаймын деп ойлайды. Әрқайсымыз жеке-жеке қанша жыл сахнада жүрсек те, Республика сарайында концерт беру ерте, оған дайын емеспіз деп ойлаймыз.

«Тенгри» тобы тек жанды дауыста өнер көрсетеді. Қазақстанда барлық жерде мұндай мүмкіндік бола ма? Мәселені қалай шешесіздер?

Ерлан Сәбитов:

— Мұндай жағдайда фонограмма қосамыз. Әртүрлі жағдай болады. Жақында Минскіде өнер көрсеттік. Сонда көрермен көп, бірақ сахна тым тар әрі микрофон қоюға мүмкіндік жоқ болды. Мен сондай сәтте «Бізге 1,5 шаршы метр берсеңіздер, сол жетіп артылады» деймін. Ең бастысы — қобыз бен домбыраның қоңыр үнін, дәстүрлі әннің нақышын көрермен жүрегіне жеткізу.

Әсем Көпбаева, вокалист:

Әнші Әсем Көпбаева
Әсем Көпбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Ешқашан сахна таңдамаймыз. Өнер көрсететін жер үлкен бе, кіші ме, бір көрермен бе, көпшілік қауым ба, маңызды емес. Ең бастысы — дәстүрімізді, тіліміз бен әдемі музыкамызды насихаттау. Себебі халықтың жанды дауыста, оркестрмен өтетін концертке баруға мүмкіндігі бола бермейді. Тойдың көбеюі, сол жиындарға әншілердің қатысуы халық үшін тиімді шығар. Өзіміз де тойға көп шығамыз. Біз әншіміз, сахна таңдамауымыз керек. Тойға көп шығатын әншілер халыққа үлкен алғысын білдіруі қажет. Олардың көбін халық той-жиында көп көреді, сүйсінеді, бата береді.

Көрермен «Тенгри» тобын қай жерлерде тыңдай алады?

Әбілқайыр Жарасқан, домбырашы, композитор:

Абулхайыр Әбдіраш
Әбілқайыр Жарасқан. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Көбіне шетелде өнер көрсетеміз. Шетел халқы үшін біздің өнеріміз бен қазақтың халық аспаптары — экзотика. Қазақстанда домбыра немесе қобыз үні екі үйдің бірінен естілуі мүмкін. Біреудің атасы, біреудің немересі осы аспаптардың бірінде ойнай алады. Біздің елде ұлттық аспапта ойнау таң емес.

Қазақстанға қарағанда өзге мемлекеттерде біздің концертке адам көп жиналады. Олар домбыра мен қобыздың үніне елтіп, қызығады. Бірақ көбіне шетелдегі этникалық қазақтар біз орындайтын әндерді тыңдағысы келеді, аңсайды. Олар концерт кезінде туған жерді сағынып, көзіне жас алады, бізді құшақтап, рақметін айтады. Мексика, Италия, Ресей, Германия, Иран, АҚШ елдерінде болдық, жақында Беларусьтен келдік. Аталған елдердің бәрінде бізді жылы шыраймен қарсы алып, өнерімізге таңдана қарап, алғысын айтып кетеді.

Наурыз мерекесіне орай қандай тосын сый дайындап жатырсыздар? «Музкафедегі» концерттен не күтеміз?

Әсем Көпбаева:

— 24 наурызда «Музкафеде» алғаш рет қалың жұртқа концерт қоймақпыз. Қазақстанда мұндай аудиторияға жеке кеш өткізбедік. Көбіне жабық кештерде, арнайы үлкен концерттерде көпшілікпен, басқа да музыканттармен бірге шығамыз. Ал «Музкафеде» концерт қою — біз үшін мәртебе. Онда табиғи дауыспен айтатын әншілер, кәсіби музыканттар өнер көрсетеді. Осы кештен кейін арасын үзбей, үнемі халықтың алдында өнерімізді паш етіп жүреміз деген ниеттеміз.

"Тенгри тобы"
Ерлан Сәбитов пен Әбілқайыр Жарасқан. Фото: Ksproduction.kz

«Музкафе» сахнасында 20 минуттық деректі фильм көрсетіледі. Фильм экспедиция мен «Тенгри» тобының құрылуы туралы. Біразы біз туралы біле бермейді. Өзімізді таныстыру мақсатында осы фильмді ұсынып отырмыз. Сонымен қатар біздің шығармаларымызға түрлі-түсті жарық шоуы қойылады. Көрерменге дайындаған бағдарламамыздың бәрін айтып қойсақ, қызық болмай қалар. 24 наурызда өнерсүйер қауымды «Музкафеде» асыға күтеміз. Сонымен қатар Наурыз мейрамы қарсаңында Алматыда болатын кештерде міндетті түрде өнер көрсетеміз.

Ерлан Сәбитов:

Қобызшы Ерлан Сәбитов
Ерлан Сәбитов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Әсемнің ана атанып, демалыс алуына байланысты біз үш жылдан астам уақыт бойы шетелде концерт беруге шықпадық. Осы уақытта Әбілқайыр екеуіміз кино саласына бет бұрдық. Көп фильмге арнап музыка жаза бастадық. Әбілқайыр бірнеше фильмнің бас композиторы. Сол фильмдердің ішінде ерекше атап өтетіні — «Қазақ хандығы — Алтын тақ» телехикаясы және «Елбасы жолы» киноэпопеясы.

«Қазақ хандығы — Алтын тақ» фильміне музыка жазу қиынға соқты. Себебі дәл сол ғасырдағы аспаптар керек болды. Олар: жетіген, сазсырнай, сыбызғы, қылқобыз, шаңқобыз, даңғыра, керней және тағы басқа. Аталған аспаптардың дәл сол замандағыдай дыбысталуын ерекше қадағаладық. «Балалық шағымның аспанында» симфониялық оркестрге жүгіндік. Ал «Қазақ хандығында» құр қылқобызбен музыка жазу мүмкін емес болды. Сондықтан біз сол заманда ата-бабамыз үнін естімесе де, өзге мемлекеттерде пайда болып, ойналып жүрген аспаптарды қолдандық. Кейбірі фильмді көріп отырып, «Қазақ хандығы заманында мұндай аспаптар болмады» деуі мүмкін. Қазақ даласына бұл аспаптар келіп үлгермеген болса да, олар әлемде сол заманда пайда болды. Саундтрек жазуға екі жыл уақыт кетті. Оның үстіне, «Қазақ хандығы» — тарихи фильм. Бұл — біз үшін үлкен жауапкершілік.

Әбілқайыр Жарасқан:

— Өткенді еске алып, бүгінгі жастарға халық әндерін жеткізіп отырмыз дедік қой. Бірақ біз сонымен бірге осы шақты, жас ұрпақты, олардың талғамын да ұмытпадық. Бүгінгінің жастарына экзотика көрінетін музыканы біз де тыңдаймыз және оны қазіргі заманғы деңгеймен жеткізуге тырысамыз. Осы мақсатта Қазақ хандығының құрылуы кезінде шыққан халық әні «Арман-айды» жазып, оған симбиоз ретінде регги, рэп, биг-бетс, дабстеп сияқты жанрларды қостық. Құдай қаласа, концертте тыңдарманға ұсынамыз. Әндерімізді тек үлкен буын емес, кез келген тыңдарман тыңдауы үшін бәріне дайынбыз. Біз күнде тек картоп жемейміз ғой. Тура сол сияқты музыкада да тек бір бағытта жүрмей, өзімізді әртүрлі жанрда сынап көреміз. Әрине, дәстүрлі музыканы ұмытпаймыз.

Әсем Көпбаева:

Әсем Көпбаева
Әнші Әсем Көпбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— «Тенгри» сияқты этнос фольклоры тобын құрып, халық әндерін бұрынғы нақышына келтіре орындайтын өнерпаздардың басын қосқан мәдениеттанушы ғалым — Мұрат Әуезов. Ол кісі Рүстем Әбдірашевқа осындай ұсыныс айтып, мен Ерлан ағамен таныстым. Одан кейін Әбілқайыр қосылып, топ болдық.

Алғашында үнемі бірге жұмыс істейміз деген ой болмады. Себебі бұл экспедицияның аясында, белгілі бір бағдарламаның шеңберінде ойластырылған жоба еді. Трионың атын да сахнаға шығар алдында «Әрқайсымызды жеке-жеке таныстырып жатпайық, барлық жерде айтылатын бір атау болсын» деп, «Тенгри» деп атадық. Экспедицияның аясында бүкіл Қазақстанды аралап, концерт қойдық. Алтай, Моңғолия жерлеріне барып, дәстүрлі әндерімізді шырқап, жергілікті қазақтарды ұлттық музыкамен сусындаттық.

Бізбен бірге түркітанушы ғалымдар да сапарға шықты. Мақсатымыз Күлтегін ескерткішіне, Шыңғыс хан мемлекетінің астанасы Қарақорымға және тағы басқа тарихи орындарға бару, деректі фильм түсіру әрі этникалық қазақтарға концерт қою болды. Бұл ұмыт қалған дәстүрлерімізді жаңартып, біздің тамырымыз тереңде жатқанын көрсету еді.

Экспедиция біткеннен кейін бұл трионың ғұмыры тек белгілі бір бағдарлама аясында шектеліп қалмасын, осы қарқында жалғастырайық деп шештік. Негізі әрқайсымыздың өз өнеріміз бар: Ерлан аға бүкіл дүниежүзін аралаған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы, этнограф. Әбілқайыр — домбырашы, жас композитор. Мен ән айтамын.

Ерлан Сәбитов:

— Әдетте, топ құрылғанда бірінші кастинг жариялайды, көп адамның ішінен таланттарды іріктейді. Содан кейін ел есінде қалатын атау іздейді. Бізде жағдай басқаша болды. Бір экспедицияның арқасында басымыз қосылды, жол жүріп, бір-бірімізді жақсы таныдық. Өнерге деген жанашырлығымыз бізді бір арнаға тоғыстырды. Экспедиция 2011 жылы болды, содан бері сегіз жылдың қалай тез өткенін байқамай қалыппыз.

Әсем Көпбаева:

— Біз өз өнерімізбен дәстүрлі әндерді шырқау, тыңдау ұят емес екенін айтқымыз келеді. Қазақстанда ауылдан келген адамдар мен қаланың жастарының арасында алшақтық бар. Қалалықтарды «орыс болып кеткен» дейді. Мен де орысша сөйлейтін ортада өскеніммен дәстүрлі әндерді айтамын. Бұл менің «Міне, мен қазақы бола бастадым» деген ниетім емес. Ұлттық өнерге деген жанашырлық, сал-серілік менің қанымда бар. Сондықтан бүгінгі жастарға қазақтың тамыры тереңде екенін, біздің де ұялмай, керісінше, мақтанышпен көрсете алатын дәстүріміз, өнеріміз, тарихымыз бар екенін жеткізгіміз келеді. Бүгінгі жастар қазақша сөйлеуге, тарихты еске алуға, күй тыңдауға ұялмаса екен.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!