Ислам Әбішевтің не себепті қамауға алынғаны белгілі болды

Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасы Ислам Әбішевтің қамауға алыну себебі белгілі болды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова айтты.

2014-2018 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро мен оның аумақтық департаменттерінің тергеу нәтижелері бойынша Су ресурстары комитеті және «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қатысты 38 қылмыстық іс сотқа жолданды. Аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы залал сомасы 1 миллиард теңгені құрады. Қазіргі таңда ұлттық бюро комитеттегі қылмыстық схемаларды анықтауға бағытталған кешенді шараларды өткізді. Осылайша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы және оның сыбайласы, «Қазақ күресі» дүниежүзілік федерациясы» халықаралық қоғамдық бірлестігінің вице-президентіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, — деді ол.

Жанна Бастарова комитет төрағасы аталған федерацияның президенті екенін еске салды.

Олар 5,8 миллиард теңге сомасындағы «Соколов топтық су құбырын реконструкциялау және қосылған ауылдық елді мекендердің таратушы желілерін салу. 2-кезек» қызметін алу бойынша мемлекеттік сатып алу шартын жасасу үшін мердігер ұйымның өкілінен қорқытып алу жолымен 60 миллион теңгеден астам аса ірі көлемдегі пара алды деген күдікке ілінді. Осы жылдың 16 наурызында күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, — деді ол.

Агенттік өкілі Су ресурстары комитеті мен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнындағы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы қандай да бір ақпараты бар азаматтарға агенттікке, ұлттық бюроға немесе оның аумақтық департаменттерінің кезекші бөліміне хабарласуға болатынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Ислам Әбішевтің қамауға алынғаны хабарланған еді.

ДереккөзInform.kz