Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маскүнемдікті созылмалы, үдемелі және өлімге себеп болатын ауру деп таниды. Одан емделу үшін алкогольдің кез келген дозасынан толық бас тарту керек. Спиртті ішімдікті тұрақты пайдалану ерте өлім қаупін 20%-ға арттырады.

Алкоголь адам ағзасын уландырады. Ол зат алмасуды бұзады, ағзаның инфекцияларға қарсы тұруын төмендетеді. Барлық мүшені, әсіресе, бауыр, ми, жүрек, бүйрек органдарын, ішкі секреция бездерін, соның ішінде, жыныс жүйесін зақымдайды. Спиртті ішімдіктер — адамның уақытынан бұрын қартаюының да бірден-бір себепшісі, — дейді Бекет Тәжікенов.

Маманның айтуынша, алкоголизммен ауыратын науқас оны қолдануды өз бетінше тоқтата алмайды, яғни мөлшерін де ерікті түрде реттей алмайды деген сөз. Алкоголизммен ауыратын адам алкогольден бас тартқан кезде ағзасы оны талап ете отырып, «бүлінеді» екен.

Бекет Тәжікенов
Бекет Тәжікенов. Фото: «Амансаулық» қоғамдық қоры

Маманның пайымдауынша, шөл басу үшін күнделікті бір шөлмек сыра ішу — маскүнемдіктің алғашқы белгісі. Өйткені екі-үш рет сыра ішкен соң адам ағзасы оған тез үйреніп, оны қажет ете бастайды, яғни адамда психологиялық тәуелділік синдромы пайда болады. Соның нәтижесінде адам «шөл басу үшін ішіп отырмын» деп, психологиялық тұрғыдан соған өз-өзін сендіреді. Ал, шындығында, адамда алкогольдік ішімдікке деген тәуелділік пайда бола бастайды. Адамның жасөспірім шағы —  маскүнемдікке ең бейім кезең.

Маскүнемдікке шалдыққан адам одан өздігінен айыға алмайды. Ол өмірін бақылаудан да қалады. Біздің орталықтағы резиденттердің 99,9%-ы — осындай санатта.  Бұл адамдардың оңалуы өте қиын, сондықтан біз оларға арнайы емдік бағдарлама қолданамыз. Тұрмыстық маскүнемдікке қарағанда маскүнемдік — үдемелі ауру. Егер оның алғашқы белгілері пайда болса, ауру басқа клиникалық жағдайларға әкеп соқтырып, ұдайы дамиды, — дейді маман.

Алкогольдің адам ағзасына әсерін мамандар үшке бөледі: эйфориялық, уытты және есірткі. Біріншісі жағымды және босаңсытатын сезім тудырса, екіншісі ішкі ағзаларды қайтымсыз ауруға ұшыратып, улайды. Ал үшінші түрінде есірткіге тәуелділік пайда болады. Бұл кезде адамның алкоголизмнен емделуге ерік күші жетпейді.

Әйелдерде алкогольге тәуелділік ерлерге қарағанда тезірек қалыптасады. Себебі әйел ағзасы спиртті сусындарға сезімтал, онда алкогольдің ыдырауына ықпал ететін ферменттер аз. Мас болу үшін әйелге алкогольдің аз ғана мөлшері жеткілікті.

Маманның пікірінше, ерлерге қарағанда әйел адамдарды емдеу әлдеқайда қиын. Көп жағдайда әйелдер жан күйзелісіне ұшырайды, өмірдегі сәтсіздіктеріне емді алкогольден іздейді. Ағзаға түскен алкоголь аз уақыт аралығында ми жасушаларына тарайды. Мөлшерден тыс қабылдаған жағдайда ми, жүйке жүйесі, бұлшықет, бауыр ауруларына ұшыратады. Ойлау, есту қабілеті төмендейді. Денедегі барлық ағзаның жұмысы бұзылады.

Орталық мамандары жүргізген сауалнаманың нәтижесі инфографикада көрсетілген:

Инфографика, алкоголизм, макүнемдік
Инфорграфика: «Амансаулық» қоғамдық қоры

Бекет Тәжікеновтің мәліметінше, отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғаларының үштен екісі және балалардағы қатыгездіктің үштен бірі ата-аналардың маскүнемдігіне байланысты. Адам өлтірудің, суицидтің 50%-ы алкогольге тәуелділіктен болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормативі бойынша жан басына шаққанда алкогольді ішімдіктерді 8 литрден көп пайдаланатын ел генофонды деградацияға ұшырайды. Ал Қазақстанда жан басына шаққанда алкогольді пайдалану көрсеткіші 12 литр болып отыр. Дүниежүзілік сауда ұйымының тізімінде бұл жөнінен Ресей 22-орында тұрса, Қазақстан бұл тізімнің алғашқы ондығына енеді: 8-орын. 2018 жылдың қортындысы бойынша елімізде наркологиялық есепте 230 мың адам тұр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі созылмалы алкоголизмге шалдыққан адамды міндетті түрде емдеудің алғашқы курсын бекіткен. Ол курс үш жыл ұдайы бақылау және емдеу мерзімінен тұрады. Емдеудің басты мақсаты — адамды маскүнемдіктен айықтыру, алкогольге деген тәуелділікті жою. Емнен кейін аз да болса алкоголь ішілсе, ол қайтадан маскүнемге айналады, — дейді Бекет Тәжікенов.

Оның айтуынша, емнің негізгі үш кезеңі бар. Олар:

  1. Алкогольден улану зардабын жою;
  2. Көңіл-күйді қалыпқа келтіру, әуестікті жойып, спиртті ішімдіктерге жиіркеніш тудыру;
  3. Ішімдікке төзімсіздікті қалыптастыру, аурудың қайталанбауына бағытталған емдік шараларды ұзақ уақыт қолдану.

Дәрі-дәрмекті және психотерапияны қолданумен қоса, ауру адамды қамқорлыққа алудың, тұрмыс жағдайын түзейтін әлеуметтік шаралар жасаудың айрықша маңызы бар. Сонымен қатар маскүнемдерді емдейтін арнайы наркологиялық қызмет орындары мен наркологиялық диспансерлер жұмыс істейді.

Адам баласының жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің елде барлық жағдай жасалған. Өнердің, спорттың сан-салалы түрімен айналысуға болады ғой. Олай болса, арақсыз, есірткісіз, темекісіз әрі мазмұнды, әрі сәнді өмір сүруге тырысу керек. Алдамшы құмарлықтан бас тартып, өзін-өзі билей білу — адам бойындағы ізгі қасиет, үлкен парасат,- дейді Бекет Тәжікенов.

Иллюстрация: Dribbble.com ©Joakim Agervald

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!