Қазақстанда су басу қаупі жоғары 505 елді мекен анықталды. Бұл туралы Астанада орталық коммуникациялар қызметінде «Азаматтық қорғау органдарының су тасқыны кезеңіне әзірлігі» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты.
Көктемде су басып қалуы мүмкін елді мекендердің 76-сы Шығыс Қазақстан, 75-і Алматы, 72-сі Батыс Қазақстан, 52-сі Қостанай, 46-сы Ақмола, 35-і Ақтөбе, 33-і Қарағанды, 31-і Қызылорда, 18-і Солтүстік Қазақстан, 14-і Павлодар облысында.
Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, тасқын және еріген судың халыққа және көлік инфрақұрылымына әсерін төмендету мақсатында 2017 жылдан бастап Тасқын қауіп-қатерін болдырмау жөніндегі жол картасы (2017-2020 жылдарға арналған) іске асырылып жатыр. Жол картасында 637 іс-шара көзделген. Биыл оның 232-і іске асырылады.
Еліміз бойынша 174 қорғаныс бөгеті салынып, нығайтылды, 119 гидротехникалық құрылыс, 64 көпір жөндеуден өтті.
Соңғы бір жыл ішінде 240 шақырым бөгет салынып, жөнделді. Елді мекендердің 55 шақырым және өзендердің 493 шақырым арнасы қоршалды. Өзендер мұзына мониторинг жүргізіліп жатыр.
Мамандар елді мекендеріндегі биылғы су басу қаупінің деңгейіне қарай облыстарды іштей үш топқа жіктеген. Мәселен, облыстарда су тасқыны қаупі ең жоғары елді мекендер саны мынадай:
Батыс Қазақстан — 65,
Ақмола — 46,
Қостанай — 39,
Шығыс Қазақстан — 24,
Қарағанды — 20,
Солтүстік Қазақстан — 6
Су тасқыны қаупі орташа елді мекендер:
Алматы облысы — 117,
Алматы — 43,
Қызылорда облысы — 31,
Ақтөбе облысы — 25,
Павлодар облысы — 8,
Жамбыл облысы — 6,
Түркістан облысы — 4.
Қауіп деңгейі болмашы аймақтар — Атырау және Маңғыстау облыстары.
Тасқыннан қорғану мақсатында қазіргі уақытта ішкі істер органдарының күштері мен құралдарының арнайы топтары құрылып, жалпы саны 15 мың адам мен 2 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін барлық бөлімше, оның ішінде азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері қажет техникамен, жабдықтармен және жарақтармен қамтамасыз етілді.
ҚР Ұлттық ұланы зардап шегуі мүмкін халық үшін 3 лагерь дайындап қойды. Жекелеген өңірлерде су тасқыны жағдайы үшін азаматтық қорғаныс пен құтқару бөлімшелерінің күш-құралдарын қосымша көшіру мәселелері пысықталды.