Басты бетБілімБілім грантын...

Білім грантын тағайындауда биыл қандай өзгеріс болады?

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов білім гранты бойынша оқытудағы жаңалықтар туралы мәлім етті.

Оның айтуынша, биылдан бастап жоғары оқу орнына грантпен түсетін жастар нақты оқу бағдарламасын таңдайды. Магистратураға түсу шарттары да сондай болады. Осылайша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру шаралары нақты оқу бағдарламалары аясында жүргізіледі. Осыған байланысты 176 мамандық 97 оқу бағдарламасы бойынша топтастырылды.

Мәселен, мектеп түлегі жоғары оқу орнына түскенде нақты бір оқу бағдарламасын таңдайды. Бұдан бөлек, талапкер ондай бағдарламаларды іске асыратын жоғары оқу орындарының тізімімен таныса алады. Ал ҰБТ куәлігімен бірге әрбір мектеп түлегіне арнайы ақпараттық парақша беріледі. Онда оқу бағдарламаларының тізімі, соған бөлінген грант саны және өткен жылғы конкурстың нәтижелері көрсетіледі. Осының негізінде талапкер өзінің болашақ мамандығын таңдай алады, — деді Талғат Ешенқұлов.

Талғат Ешенқұлов биыл магистратураға бөлінетін білім гранттарына қатысты бірқатар өзгеріс болатынын да айтты. Бүгінде білім гранттарын тікелей жоғары оқу орындарына таратуға басымдық берілмейді. ҰБТ-дан жоғары ұпай алған мектеп түлегі қай оқу орнын таңдаса, сол жерге грант беріледі. Осылайша жан басына қарай қаржыландыру жүйесі біртіндеп енгізіліп келеді.

Былтыр аталған бастама магистратурада 21 мамандық бойынша сынақтан өткізілді. Биыл заң нормалары бойынша магистратура бөлімі грант тағайындаудың жаңа моделіне толығымен көшеді. Осының арқасында магистратураға түскен адам грантты алады да, жоғары оқу орнын өзі таңдайды. Соған қарай мемлекеттік тапсырыс та жасалады, жоғары оқы орындары грантқа түскен магистранттардың таңдауына қарай қаржыландырылады, — деді Талғат Ешенқұлов ҚР Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда гранттарды тағайындаудың жаңа жүйесінің докторантураға қатысы жоқ. Ол жерде бұрынғыдай мемлекеттік тапсырыс тікелей жоғары оқу орындарына беріледі.

Жалпы, соңғы үш жылдың ішінде мемлекеттік тапсырыс 1,7 есе өсті, — деді Талғат Ешенқұлов.

ДереккөзInform.kz