Көршілес орналасқан екі қабатты жатақхана жалынға ораныпты. Өрт есік жақтан шыққан екен, жатақхана шатырына дейін жетіпті. Іштегілер сыртқа шығып, өрт сөндіру қызметіне жан-жақтан қоңырау соғып жатыр.
Апақ-сапақтың кезі. Іште біреу-міреу қалғанын ойлайтын шамада емес, бірінші жақындарын, құжаттарын түгендеп жатыр. Кенет «Екінші қабатта балаларым қалды, құтқарыңдар, өтінемін, құтқарыңдаршы!» деген ананың шырылдаған дауысы шықты. Отқа оранған үйге кіруге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Бәзбіреулер ұялы телфондарына видеоға түсіріп әлек болып жүр. Нұрғанат жатақханаға жете салып, әйелден балаларының қай бөлмеде орналасқанын біліп алды. Сөйтіп өртеніп жатқан есіктен өтіп, ішке кірді.
Жалындаған отпен, қою түтін тынысын тарылтып жіберді. Жігіттің ішке батылдана кіргеніне ана да қуаттанып, соңынан ерді. Баспалдақпен жоғары көтерілді, балалары қамалып отырған есікке де жетті. Нұрғанат кілт табылмаған соң есікті теуіп сындырды. Алдымен үш және алты жас аралығындағы екі баланы бушлатына орап, сыртқа алып шықты. Қайта оралуға жалын мен қою түтін мұрша бермеді. Іште ана мен бір жасар қызы қалды. Осы кезде Нұрғанат сырт жақтан екінші қабаттағы жатақхана терезесін таспен сындырып, әйелге «баланы лақтыр, қағып аламын» деп айқайлады. Терезеден қызын лақтырып еді, Нұрғанат бушлатымен оп-оңай тосып алды. Ендігі кезек балалардың анасында. Жиналған халық оған да «секір!» деп айқайлап, жаңағы бушлатпен қағып алды.
Осылайша батылдығымен Қорғаныс министрлігіне қарасты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының келісімшарттағы қатардағы жауынгері Нұрғанат Дүйсен бүтіндей бір отбасыны ажал тырнағынан арашалап қалды. Сәтін салғанда, өрт оқиғасы болған орында ешкім зақым алмады.
Аздан соң өрт сөндірушілер келіп, тілсіз жауды көрші үйлерге таратпай уақытында өшірді. Сол жердегі халық Нұрғанаттың қиын шақта тез шешім қабылдайтын батыр жігіт екеніне тәнті болды.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатардағы жауынгер Нұрғанат Дүйсенге алғыс хатын жіберді. Төтенше жағдайлар комитеті мен Жетісу ауданы әкімшілігі де алғысын білдірді.
13 наурыз күні Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы полковник Асқар Мұстабеков ерлігімен дүйім жұртқа танымал болған қайсар Нұрғанатқа жеке құрам алдында Қорғаныс министрінің алғыс хатымен, сыйлығын табыс етіп, өнегелі ұл тәрбиелеген әкесі Мұрат Дүйсенұлы мен анасы Айгүл Дуйсенғазықызына алғыс хатын жолдады. Қазіргі уақытта институт басшылығы тарапынан Қорғаныс басшысына Нұрғанатты мемлекттік наградаға ұсыну шешімі қабылданып жатыр.
24 жастағы Нұрғанат Дүйсен — Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент тумасы. Жаркенттегі А.В.Лунчарский атындағы орта мектептің түлегі. Дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер.
2014-2015 жылы Астанадағы 0112 әскери бөліміндегі «Айбын» Президенттік полкі, рәсімдік ротасында мерзімдік қызметін абыроймен атқарды.
2017 жылы Алматыдағы Әуезов ауданының қорғаныс істер басқармасынан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу-жаттығу орталығына жүргізуші-механик маман ретінде келісімшарттық қызметіне шақырылды.
Әкесі Мұрат Мұхаметжан — әскери зейнеткер, анасы Айгүл Мұрұмбаева — Жаркенттегі А.В.Лунчарский атындағы орта мектебінде қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Інісі Ерасыл да әскери қызметте.
Бүгінгі таңда Нұрғанат бөлімшесінде беделді, достарына сыйлы, әскери техникасы мен құрылғыларына ұқыпты, командирі тарапынан өте жауапты қызметкер ретінде бағаланады. Міндетін әскери антына сәйкес адал орындап жүр. Бір отбасыны өрттен алып қалғанын атақ үшін емес, азаматтық борышым деп түсіндіреді.
Ербол Әлібаев,
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік
институтының баспасөз қызметінің бастығы,
запастағы майор