Басты бетЖаңалықтарМинистр қысқартудан...

Министр қысқартудан соң полицейлердің жалақысы қалай өзгеретінін айтты

ҚР Ішкі істер министрлігіндегі қызметкерлердің саны 10%-ға қысқарды. Ведомство басшысы жұмыстан қысқарған адамдарға қалай көмектесетінін айтты.

Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, министрлікте ең әуелі орталық аппарат құрамы 15%-ға қысқарған.

Басқару аппаратын қысқартып, аудандық звеноға дейін жеттік. 10%-дық қысқарту есебінен патруль полициясының жалақысын 65%-ға көбейтеміз. Олар ең төменгі жалақы алатын болып шықты, азаматтармен алғаш тікелей байланыс жасайтындар — көшеде жұмыс істейтін сол полицейлер. Сала қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, жемқорлықты азайту үшін және күрделі еңбек жағдайын ескере отырып, жалақыны арттырамыз, — деді Ерлан Тұрғымбаев журналистерге «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында.

Министр шұғыл тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің жалақысы 55%-ға өсетінін хабарлады.

Бұл — жұмыстың күрделі учаскесі: істерді тергеу, қылмыстарды ашу, қылмыскерлерді ұстау. Қазір тергеушілер мен шұғыл уәкілдер 120 мың теңгеден алады, 1 шілдеден бастап жалақы 170 мың теңгеге жуық болады. Басқа санаттағылардың жалақысы 25%-ға артады, — деді ведомство басшысы.

Қазіргі уақытта министрлікте бос жұмыс орындарына қабылдауға уақытша мораторий енгізілген.

Қысқарған қызметкерлер далада қалмауы үшін бір ай ішінде біз оларды өңірлерде, ішкі істер басқармаларының аудандық бөлімшелерінде бар бос лауазымдарға бөлеміз, жұмысқа орналастырамыз, — деді Ерлан Тұрғымбаев.

ДереккөзZakon.kz