Басты бетЖаңалықтарҚазақстандықтардың мүлік...

Қазақстандықтардың мүлік құқығы ЕАЭО аумағында қорғалады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Бұл келісімге Еуразия экономикалық одағы елдерінің вице-премьерлері 2017 жылғы 11 желтоқсанда Мәскеуде қол қойды.

Бұл келісім одақ аумағында құқықтарды ұжымдық басқару арқылы қазақстандық авторлардың мүліктік құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Одаққа кіретін мемлекеттердің авторларының мүліктік құқықтары Қазақстан Республикасы аумағында қамтамасыз етіледі. Авторлардың Еуразия экономикалық одағы аумағында сыйақы алу құқығы іс жүзінде ұжымдық басқару арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты келісім ұжымдық басқару ұйымдарының негізгі қағидаттарын, құқықтары мен міндеттерін, оларды мемлекеттік бақылау нысандарын белгілеу арқылы ұжымдық басқарудың жалпы тәсілдерін реттейді, — деді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.

Атап айтқанда, құжат аясында авторларға жиналған сыйақыны бөлу және төлеу, міндетті аудит жүргізу, ұжымдық басқару ұйымдарының міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершіліктің негіздері қарастырылады. Келісім бойынша ұйымдар жиналған сыйақы сомасының 50%-ына дейін өзінің шығыстарын жабуға және арнайы қорлар үшін ұстап қалуға құқылы. Алайда әр мүше-мемлекет өз заңнамасында мұндай ұстап қалудың ең төменгі шекті жалпы мөлшерін белгілей алады. Мысалы, еліміздің ұлттық заңнамасына сәйкес ұйымдардың шығыстарын жабуға арналған сомалар жиналған сыйақының жалпы 30%-ынан аспауы керек.

Келісімде реттелмеген мәселелер одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес шешіледі, — деді Марат Бекетаев.

ДереккөзInform.kz