ҚР Үкіметінің қаулысымен Мәдина Әбілқасымова Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәдина Әбілқасымова 1978 жылы 1 тамызда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын халықаралық экономикалық қатынастар мамандығы бойынша, Колумбия университетін халықаралық қатынастар магистрі дәрежесімен экономикалық саясатты басқару мамандығы бойынша, Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін мемлекеттік басқару магистрі мамандығы бойынша бітірген.
1999 жылдан бастап 2001 жылға дейін ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігінің бас маманы, 2003 жылдан бастап 2004 жылға дейін ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің стратегиялық жоспарлау басқармасының бас маманы, басшысы, 2004 жылдан бастап 2006 жылға дейін ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры, 2006 жылдан бастап 2008 жылға дейін ҚР Премьер-министрі кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2008-2011 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары болды. 2011 жылдан бастап 2013 жылға дейін ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі, 2012 жылы Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы басқарушысының орынбасары, 2013-2014 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, 2014-2018 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болып қызмет етті.
Мәдина Әбілқасымова 2018 жылғы ақпаннан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды.