ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019-2025 жылдарға арналған туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және оған ілеспе заң жобасын қабылдау саяхат үшін тартымды 50 елдің қатарына кіруге жол ашады.
Мемлекеттік бағдарлама елеулі әлеуметтік-экономикалық әсері бар 10 жүйелі шараны қамтиды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, анағұрлым тартымды туристік бағыттардың үздік ондығында басым туристік аумақтар мен басқарушы компаниялар құру көзделген. Шара 800 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция тартып, 200-ден астам инвестициялық жобаны іске асыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бағдарламаның жобасында туризм инфрақұрылымын жақсартуға бизнесті тарта отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту қарастырылып отыр. Тағы бір шара — мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында туристік дестинацияларда санитарлық-гигиеналық тораптар салу.
Министрдің айтуынша, Қазақстанды туризмнің әлемдік картасында ілгерілету және маркетинг жұмыстары үшін әлемдік тәжірибе бойынша шетел азаматтарынан бір түнге 2-4 доллар мөлшерінде туристік жарна (Bed Tax) алуды енгізу жоспарда бар. Шара мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап бүкіл Қазақстан бойынша әрекет етеді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік бағдарлама жобасында визалық режимді ырықтандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Мұнда e-Visa тетігін оңтайландырудан бастап 72 сағаттық визасыз транзитті кеңейтуге дейінгі шаралар кешені әзірленеді. Бұған қоса, e-Hotel жүйесін енгізу көзделген. Бұл шаралар елімізге келетін шетелдік туристер ағынын ұлғайтады. Сонымен бірге гид-аудармашылардың қызметін бақылау күшейтіліп, оларды ЕО және ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша сертификаттаудың міндетті тетіктері енгізіледі.
Мемлекеттік бағдарлама тармақтарының бірі — бесжұлдызды стандарттар базасында қонақүйлерді міндетті жіктеуді енгізу. Шара Қазақстанның туристік өнімдерінің қолжетімділігі мен сервис сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам болады.
Президенттің «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтқан балаларды қолдау және олардың дамуына ықпал ету туралы үндеуіне толықтай сай келетін KIDS GO FREE тетігін енгізу ұсынылады, — деді Мәдениет және спорт министрі.
Бұдан өзге, мемлекеттік бағдарлама аясында республика шекараларында өткізу пунктерінің жұмысын жетілдіру, сонымен бірге Еуроодақ, Австралия, Таиланд, Сингапур, Ресей, Беларусь, Грузия елдерінің тәжірибесі бойынша 2022 жылдан бастап Tax Free енгізу жоспарда бар. Бұл шопинг-туристер ағынының артуына ықпал етеді.