ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен Көлік комитетінің төрағасы лауазымына Самат Гилимов тағайындалды. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрдің бұйрығымен басқа жұмысқа ауысуына байланысты Алмас Батанов Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды.
Самат Гилимов 1964 жылы Атырау облысында туған. Еңбек Қызыл Ту ордені атындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1981 жылы Гурьев облысының Қосшағыл кеңшарында слесарь болып бастаған. Түрлі жылдары коммерциялық секторда еңбек еткен.
2002-2005 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.
2005-2007 жылдары «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ «Ембімұнайгаз» филиалы аппаратының басшысы — директордың орынбасары болды.
2008-2017 жылдары Көліктік бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша өңіраралық Көліктік бақылау инспекциясының бастығының орынбасары, бастығы, басшысы лауазымдарында болды.
2017 жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің (қазіргі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі) Көлік комитетінің төрағасының орынбасары қызметін атқарды.