Бұл оқиға 1800-жылдары Кереку өңірінде болған екен. Сол жылдары Кереку халқына шеберлігімен аты шыққан Әлдеке деген кісі өмір сүрген. Әлдекенің үйіне аймақтағы бір би құдайы қонақ болып барады. «Би бол, би болмасаң да, би түсетін үй бол» дегенді жадында тоқып өскен Әлдеке келген қонақтың асты-үстіне түсіп, барын алдына қояды. Би де Әлдекенің құрметіне риза болып, «туыс болайық» дейді.
Сол күні би шебердің үйіне қонады. Таң атқан соң дастархан үстінде әлгі би Әлдекеге: «Қонышыңдағы шақшаңды аттай қалап отырмын, оны маған бер», — деп қолқа салады. Әлдеке «туыстығының арасына сызат түспесін» деп қонышынан шақшасын суырып береді. Әлгі би үйден шығып бара жатып: «Шақшаңның қолқасын келесі жылы өзің алып кет», — дейді.
Бір жыл өткен соң Әлдеке әлгі бидің үйіне қонақ болып барады. Алайда би Әлдекеге қолқасын бермек түгілі «Шақшаңды даулап келдің бе?» деп жұрт алдында келеке етеді. Әлдеке досының арам пиғылын сол кезде түсініп, қазыға жүгінеді. Қазы:
Қолқа сұрайтындай ол қандай шақша еді? — дейді.
Сонда Әлдеке шебер:
Шақшам шақша-ақ еді,
Шақша да болса, жақсы-ақ еді,
Кер бұғының мүйізі нақысы еді,
Бір қысырақ жасаған ақысы еді.
Гауһар мен жақұттан салған көзі бар еді,
«Қолқасын келер жылы аларсың» деген сөзі бар еді, — дейді.
Сонда қазы:
Шақшасын қайырып бер, қайырмасаң, қалғанын бер, — деп кесім айтады.