Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада әйелдерді құттықтады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада әйелдер қауымымен кездесті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.

Бүгін қандай әдемісіңдер бәрің! Керемет! Бүгін Сіздерді 8 наурыз — Әйелдердің халықаралық күнімен шын жүректен құттықтайын деп шақырдым. Қазақстанның қыз-келіншектері, аналар, апалар мына залдың ішіне сыймайды. Бүгін кешке қарай үлкен концерт болады. Сол жерде барлығыңызды тағы құттықтаймыз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, 8 наурыз асыл аналарымыз бен қызғалдақтай құлпырған аяулы қыз-келіншектеріміздің мейрамы болса да, ерлер оны өте жақсы тойлайды.

Ананың құдіреті шексіз. «Оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқталып, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды, —  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президентпен кездесуге көпбалалы аналар, кәсіпкер әйелдер, танымал әртістер, ақын, құқық қорғаушы қыз-келіншектер қатысты.

ДереккөзInform.kz