ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында Қазақстанның Қытайға кепілдендірілген қарызы туралы айтты.
Қытайдың алдында мемлекеттік қарызымыз жоқ, тек кепілдендірілген қарыз бар — 1,2 миллиард доллар, ол бұрын Қытайдың «Эксимбанкінен» және Қытай даму мемлекеттік банкінен мемлекеттік кепілдікке автожолдар жобасын іске асыруға алынған кредитпен байланысты, — деді Әлихан Смайылов.
Қаржы ведомствосының басшысы кепілдендірілген қарыздың ерекшелігі ол үкіметтік несие емес, ұлттық компаниялардың қарызы екенін айтты. Мысалы, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының немесе әкімдіктердің мемлекеттік кепілдік бойынша несие алуы.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы жеңілдетілген несие ұсыну жөніндегі Шекті келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, ЕАЭО-ның қазақстандық сыртқы шекараларындағы өткізу бекеттерінің кедендік инфрақұрылымы күн санап өсіп келе жатқан жүк легін жедел өткізуге толық мүмкіндік бермей отыр. Оның мысалы — Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында қалыптасқан жағдай. Қазақстан жағындағы өткізу бекетінде күніне 70-тен 300-ге дейін автокөлік жиналып қалады, тасымалдаушылар кезекте 3 тәулік бойы тұруға мәжбүр. Осы себепті Қазақстанның Қаржы министрлігі Эталондық өткізу бекеттері тұжырымдамасын әзірлеген.
Zakon.kz-тің хабарлауынша, тұжырым бойынша қазақстандық өткізу бекеттерінде көлік құралдарының тоқтамай өтуін қамтамасыз ететін Бірыңғай автоматтандырылған дәліздер құрылады. 2018 жылдың маусымында Қазақстан мен Қытай басшылары жүргізген келіссөз бойынша еліміз Қытайдың қарызы аясында автокөлік жолдарындағы 9 бекет және теміржолдағы 1 бекетті жаңартып, техникалық жағынан толықтырады. Жобаны жүзеге асыру осы жылдың соңында басталып, 2022 жылы аяқталады. Қазақстанның Қытайдан алатын қарызының сомасы — 2 миллиард юань немесе 112 миллиард теңгеден астам қаражат.