Үкімет мүшелері өңірлерді аралайды

Үкімет мүшелері Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын түсіндіру үшін өңірлерге аттанады. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова айтты.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде айтқан міндеттерін шешу үшін үш жылға 2,3 триллион теңге қаражат бөлінеді.

Сонымен бірге алдағы бірнеше күннің ішінде министрліктер атқаратын жұмыстарына орай жол карталарын әзірлейді. Ақпараттық түсіндіру жұмыстарына телевизия, баспасөз, интернет, әлеуметтік желі жұмылдырылады.

Келесі аптадан бастап мен өзім, министрлер облыстарға іссапармен барып, кең ауқымды түсіндіру жүргіземіз. Ол қалай жүргізіледі? Біз өңір-өңір бойынша бірнеше облысты қамтимыз. Осы аптада батыс өңіріне — Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарына барамыз. Сапар аясында дәстүрлі құралдарды пайдаланумен қатар жаңа форматта жұмыс істейміз. Халықпен кері байланыс болуы керек. Сол жерлерде жеке қабылдау болады. Мен өзім де, министрлер де бағыт-бағыт бойынша жеке қабылдайды, кездесулер болады. Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтары мен жұмыспен қамту орталықтарының жұмыстары, дайындығы қаралады, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Вице-премьер өңірлерге сапары барысында аз қамтылған отбасыларды аралап, тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, қордаланған мәселелердің негізімен танысуды көздеп отыр.

Жалпы, осы тоқсанның ішінде барлық облысты аралаймыз. Ол үшін Батыс, Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік, Орталық Қазақстан өңірін қамтитын карта әзірленді, — деді ол.

ДереккөзInform.kz