Головкин Сондерспен кездесуге дайын екенін айтты

Головкин 11 қыркүйек күні Лондонда өткен Келл Брукпен кездесуде қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.

Осы кездесуден кейін Сондерс  әлеуметтік желілерінің бірінде Головкинмен кездесуге 29 қазаннан соң, кез келген уақытта дайын екенін жазды. Ұлыбританиялық боксшының 29 қазан күні кездесуі белгіленген. Алайда, қарсыласы әзірге анықталған жоқ.

Сондерстің бұл шақыруын көпшілік жай ғана әңгімеге баласа, Головкин онымен кездесуге болатынын айтты. Осыған дейін қазақстандық боксшы орта салмақтағы барлық атақты жинағысы келетінін, ал WBO  Сондерсте екенін айтқан еді.

«Мен кез келген кездесуге дайынмын, Сондерспен де. Ол бұған дайын деп ойлаймын. Бұл бизнес. Сондерс өте көп сөйлейді. Бұл кездесуді телеарналарда айналдыруға жақсы болады. Неге кездеспеске?» — деді Головкин Sky Sports-қа берген сұхбатында.

Геннадий келесі кездесуін осы жылдың қараша немесе желтоқсан айларында өткізуді жоспарлап жүр. Оның промоутері Том Леффлер Сондерсті кездесу өткізу үшін жақсы нұсқа екенін айтты. Сондай-ақ, GGG-дің Сондерстен өзге қарсыластарын да атады. Олар: орта салмақтағы WBA чемпионы Дэниел Джейкобс пен ұлыбританиялық кіші Крис Юбенк.