Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) бас хатшысы Куния Микуриямен кездесті.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар ынтымақтастыққа қатысты мәселелерді, соның ішінде «Меркатор» бағдарламасы аясындағы және сауда-саттық рәсімдерін жеңілдету бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымы келісімінің ережелерін Қазақстанда іске асыру және Қытаймен шекарада соңғы технологиялық инновациялармен жарақтандырылған «Нұр жолы» жаңа өткізу пунктінің техникалық мүмкіндіктері аясындағы мәселелерді талқылады.
Куния Микурия транзит саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, транзит рәсімдерін тиімді қолдануды ұйымдастыру және ДКҰ-ның ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы экономикалық аймақтар жөніндегі форумының жұмысына қатысу мәселелерін қозғады.
Асқар Мамин Қазақстан Үкіметі кедендік әкімшілендіру саласындағы табысты әлемдік тәжірибені енгізе беретінін айтты.
Бүгінде Қазақстан — ДКҰ-ның саяси комиссиясының мүшесі, оның өкілеттік мерзімі — 2019 жылғы 1 шілдеге дейін. Қазіргі уақытта Қазақстанның ДКҰ Қаржы комитетінің құрамына қосылу мәселесі қарастырылып жатыр.