Басты бетЖаңалықтарАстана әкімдігі...

Астана әкімдігі WhatsApp арқылы шағым қабылдай бастады

Астана әкімдігінің iKомек бірыңғай байланыс орталығы тұрғындардың өтінішін енді WhatsApp арқылы да қабылдайды. Бұл туралы әкімдіктің ресми сайты хабарлады.

+7 747 109 01 09 WhatsApp нөміріне Астана тұрғындары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (су/жылу/электр энергиясы), қоғамдық көлік, отынмен қамтамасыз ету мәселелері, абаттандыру, ПИК жұмысы, лифт шаруашылықтарының жұмысы, қатты тұрмыстық қалдықтар, тыныштықтың бұзылуы, ашық құдықтар, су басу, қаңғыбас жануарлар, жолдарды жөндеу, бірыңғай тіркеу орталығы, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, сауда және кәсіпкерлік сияқты қала тыныс-тіршілігіне қатысты барлық мәселе бойынша өтініш жолдай алады.

Өтініштерді хабарлама түрінде келесі үлгі бойынша жіберу керек:

Өтініш берушінің деректері;

Байланыс (кері байланыс үшін);

Өтініштің мәні;

Уақыты мен күні;

Өтінішке қатысты нақты мекенжай.

Болған жағдайда фотоматериалды қоса тіркеу қажет. Қоғамдық көлік мәселелері бойынша хабарлама жібергенде оқиға күнін, уақытын, автобустың бағытын, бағдардың нөмірін, көліктің мемлекеттік нөмірін немесе гараж нөмірін және өтініштің мәнін көрсету керек.

Үлгі бойынша толтырылмаған өтініштер, кіріс қоңыраулар мен дауысты хабарламалар тіркелмейді. Барлық хабарлама тәулік бойы қабылданады.