ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті Еуразия экономикалық одағындағы бірыңғай нарық аумағында алғаш болып дәрілік затқа тіркеу куәлігін берді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын ұлттық сараптау орталығында жүргізілген сараптама негізінде осындай шешім қабылданды. Бұл орталық медициналық өнім қауіпсіздігі мен сапасына сараптау және бағалау жүргізу саласындағы мемлекеттік сараптау ұйымы саналады.
Дәрі-дәрмекті ЕАЭО-ның бірыңғай нарығына шығару одаққа қатысушы елдердің барлығына енгізілген нормативтік-құқықтық актілер талаптарына сәйкес жүргізіледі.
ҚР ДСМ Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова Қазақстанның ЕАЭО мүшелері үшін дәрі сапасына, тиімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын барлық халықаралық стандарттың және тиісті фармацевтикалық практика талаптарының қадағалануын қамтамасыз еткен бірінші ел болғанын атап өтті.
Тіркеу куәлігін алуға дайындық бірнеше жыл бойы жүргізілген. 2018 жылы Қазақстан ЕАЭО-ның дәрі-дәрмек айналымын реттеудің ортақ тәсілдерін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының 10-нан астам мәжілісіне қатысты. Отандық сарапшылар дәрілік препараттарды сараптау саласындағы әлемдік тәжірибені зерттеді, ЕАЭО-ға мүше елдер үшін дәрі сапасына, тиімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын барлық халықаралық стандартты қадағалау мақсатында өзге елдердің нормативтік-құқықтық актілеріне талдау жасады.
Бүгінгі таңда Қазақстан референтті мемлекет ретінде шетелдік және отандық фармацевтикалық өндірушілерден дәрілік заттар сараптамасын жүргізуге 25 өтініш қабылдады, — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.