Басты бетЖаңалықтарЖамбыл ауданында...

Жамбыл ауданында ет өңдеу зауыты іске қосылады

Алматы облысы Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасындағы негізгі көрсеткіштер толық орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны сақталған. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан әкімі Бағдат Әлиев баспасөз мәслихатын өткізіп, жетістіктер мен алдағы мақсат, міндеттер туралы айтты.

Ол ​ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау, қоғамдық тәртіпті күшейту салаларындағы атқарылған жұмыстар мен түйінді мәселелерді толық баяндады. Ауыл шаруашылығында​ былтырғы жылмен салыстырғанда өнім көлемі​ 5 миллиард теңгеге артып, 47 миллиард 776 миллион теңгеге жеткен. Өткен жылы​ ауданда 47 мың 302 тонна сүт, 101 миллион 239 мың дана​ жұмыртқа өнімдері өндірілген.

Ұзынағаш ауылында 1 миллиард 231 миллион теңгеге 250 адамға арналған емхана құрылысы басталды. Бұл нысанды 2019 жылдың 1 қыркүйегіне пайдалануға беру жоспарланды. Биыл Шолаққарғалы ауылдық округіндегі 15 гектар жерге жылдық қуаттылығы 4 мың тонналық жылыжай кешенін салу жоспарланған. Әкім алдағы уақытта қуаттылығы 8 мың тонна болатын «Империя фуд» ет өңдеу зауыты іске қосылатынын айтты.

Біздің алдағы басты міндетіміз –​ қолда бар әлеуетті толық пайдаланып, «Қазақстан – 2025» стратегиясының негізінде Елбасы айқындап берген 2019 жылғы жұмысымыздың негізгі​ көрсеткішіне​ қол жеткізу, — деді Бағдат Әлиев.