2019 жыл: Наурыз айында ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» кәсіпорнының мамандары наурыз айына жасалған болжамын жария етті.

Мамандардың мәліметінше, Қазақстанда алдағы күндердің ауа райында көктемге тән құбылмалылық байқалады. Республиканың солтүстік бөлігінде қар жауып, бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Оңтүстік бөлігінде жауын-шашын (жаңбырға ұласатын қар) жауады, тұман түседі, көктайғақ болады. Солтүстікте ауа температурасы түнде 0-5, кей жерлерде 10 градус аязға дейін төмендейді, күндіз 0-5 жылыға дейін көтеріледі, оңтүстікте түнде 0-5, кей жерлерде 10 градус жылыға дейін, күндіз 10-18 жылыға дейін жоғарылайды.

5-7 наурыз аралығында Ресейдің оңтүстігінен келген суық антициклон республика аумағында ауа температурасының төмендеуіне себеп болады. Солтүстікте, шығыста, орталықта сынап бағанасы түнде 10-15, кей жерлерде 20 градус аязға дейін төмендейді, батыста оңтүстікте, оңтүстік-шығыста түнде 2-7 градус аязға дейін төмендейді.

Әйелдердің халықаралық күні және демалыс күндері күн қайта жылиды, термометр күндіз батыста, оңтүстік-батыста 3-8 градус жылыны, солтүстікте, шығыста және орталықта 0-5 аязды, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста 10-15 жылыны көрсетеді.

Айдың екінші жартысында суық қайтуы мүмкін. Болжамның орташа ақталу ықтималдығы 60-75%. Консультативтік болжам синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай елеулі өзгерістерге ұшырауы мүмкін, — дейді синоптиктер.