Аңыз-әңгімелердегі деректер бойынша ол тарихта болған, әз-Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген кісі, бірақ тарихи шығармаларда Жәнібек ханның төңірегінде ондай адам болды деген дерек кездеспейді.

Бірде әз-Жәнібек хан халық жиналған бір отырыста қасындағы билері мен кеңесшілерін сынамақ болып:

– Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім айтып береді?, – деп игі жақсыларына бұрылады.

Жиылған өңкей жақсы дағдарып, хан қойған сауалдың төтесінен келуі төбелерінен қылыш ойнатқандай болады. Ақыры не болса да, жұмбақтың шешуін тауып көрмек болып, ханнан уақыт сұрайды. Межелі уақыт жеткенде хан қол астындағы билеріне:

– Жұмбақтың шешуін сендер білмесеңдер, кім біледі?, – депті.

Сонда билер мен кеңесшілер:

– Құрметті хан, үш арсыз: ұйқы арсыз, орынсыз жерде күлкі арсыз, былапыт ішкен тамақ арсыз, – дейді. Ал үш ғайып: қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып. Бірақ үш жетімді ешқайсымыз таба алмадық, – дейді.

Сонда әз-Жәнібек хан:

– Елде келмеген кім қалды? – деп сұрайды.

Сонда бәрі жамырап:

– Қарабас шешен келмеді, – дейді.

әз-Жәнібек хан Қарабасты шақыртып, жұмбақтың шешуін сұрапты. Сонда Қарабас шешен:

– Тақсыр, жетім үшеу емес, бесеу еді ғой! Біріншісі – оты жоқ жер жетім. Екіншісі – басшысы жоқ ел жетім. Үшіншісі – елінен ауған ер жетім. Төртіншісі – тыңдаушысыз болған сөз жетім. Бесіншісі – жоқтаушысы жоқ қыз жетім, – дейді.

Сонда әз-Жәнібек хан:

– Сенің атыңды қойған адам ақылсыз екен. “Қарабас” дегенше, “Алтынбас” десе, болмай ма?, – деп шешенге ерекше құрмет көрсетіпті.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!