Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерге жаттанды есеп беруді доғаруды ескертті

Үкімет пен әкімдер әлеуметтік проблемаларды популизмсіз шешуі керек. «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер барлық әлеуметтік проблеманы популизмсіз, көрсеткіш қумай шынайы шешуі тиіс, — деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әрбір өңірінің стратегиялық маңызы бар екенін баса айтты.

Біз өмір сапасының жаңартылған өңірлік стандарттарына негізделген елдің жаңа картасын қалыптастыруға тиіспіз, — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өңір әкімдеріне халыққа жақын болуды және оларға жаттанды есеп бермеуді ескертті.

Бізде өңірлік дамуда айтарлықтай  айырмашылық бар. Неге бір облыстың жолы жақсы, ал екіншісінде нашар? Бір  жерде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тұрақты болса, енді бір жерлерде іркіліс болады? Демек, шынымен жұмыс істейтін, адамдардың проблемасын білетін және шешетін әкімдер бар деген сөз. Дегенмен халықпен тілдесуден қашатын және өңір тұрғындарының шынайы қажеттіліктерін қаперге алмайтындар да бар… Әрине, олар жұмыс істеп жатыр. Жұмыс істемейді деп айта алмаймын. Бірақ халыққа жақын болуы керек. Қазір бізде әкім жылына бір рет есеп беретін тәртіп бар. Алайда ол жасандылыққа айналып кетті. Әкімдер жылына бір рет емес, жыл бойы халықтың түрлі санатымен: дәрігерлермен, мұғалімдермен, жастармен кездесуі тиіс. Бізде түрлі бағдарлама бар, жеткілікті ресурс та бөлінген. Бірақ нақты нәтижелер көрінбейді. Ешкім түсіндірмейді. Мұндайға жол берілмеуі тиіс, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Үкімет мүшелері мен өңір басшыларына «Нұр Отан» партиясының жаңа бағдарламасын шұғыл орындауды тапсырды.

ДереккөзInform.kz