Алматының 1000 жылдығы: тарихи мәліметтер

1. Ақышев К.А. бастаған қазақстандық ғалымдар 1969 жылы Алматы маңында Есік қорғанындағы қазба жұмыстары кезінде «Алтын адамды» табады. Оның б.э.д. V-VI ғасырларды қамтитын сақ дәуіріне жататыны белгілі болды. Бұл сол уақытта Алматы қаласының аумағында елді мекендердің болғандығын айқындайды.

Алматы 1000 жыл тиын2. Археологиялық зерттеулер VII-IX ғасырларда қазіргі Алматы қаласының территориясында бірнеше елді мекендердің болғанын, олардың IX-X ғасырларда қалашықтарға айналғандығын көрсетеді. Ең ірісі бұрынғы шекара училищесіне жақын, қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан. Ол жерден қыштан жасалған ыдыс-аяқ, қола және темірден жасалған бұйымдар табылды. 1980 жылы Байпақов К.М. бастаған археологтар ортағасырлық ұстахана орнындағы қазба жұмыстары кезінде крицилерді – темір дайындамаларын, балталар жиынтығын және ортағасырлық домна пешін табады.

3. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты кітабында Алматы қаласы туралы жазып, оны «өңірдегі ең танымал жер» деп көрсетеді.

4. Қала атауы туралы мәліметтер Рашид әд-Дин еңбектерінде кездеседі. Тарихшы X-XII ғасырлардағы Оғыз ханның жорықтары туралы жаза келе, оның Алатаг пен Алмалық аумағына жеткендігін, Ақ-Қайя жерінде бір топ жауынгер-ардагерлермен кездескендігін баяндайды. Алатаг пен Алмалық атаулары географиялық тұрғыдан Іле Алатауы мен қазіргі Алматы аумағына тиесілі.

5. XVI ғасыр жазушысы және ақын Захир әд-Дин Мұхаммед Бабыр Алматы қаласы туралы «Таразкент» атты кітабында келесідей мәліметтерді келтіреді: «Ферғана — бесінші климаттағы аудан, игерілген егістік жер шекарасында орналасқан. Оның Шығысында Қашқар, Батысында Самарқанд, оңтүстігінде Бадахшан шекара таулары, Солтүстігінде Алмалық, Алмату және Янги сияқты қалалар бар». Бұл жазбада ортағасырлық қала Алмату – Алматы туралы жазылғаны анық.

6. 1979 жылы бұрынғы шекара училищесі территориясынан күміс тиындар табылды. Шығыстанушы және нумизмат В.Н.Настич тиындардың Жетісу өңірінде жасалғаны, қазіргі Алматы қаласының территориясында ХІІІ ғасырда теңге сарайының болғаны жайлы тұжырымдайды.

7. Қала өмірі туралы құнды мәліметтерді 1967 жылы «Горный гигант» совхозының аумағынан табылған шағатайлық тиындарды зерттеу арқылы алуға болады. Бұл шағатайлық тиындардың Қазақстанда табылған ең үлкен орны. Жалпы «Горный гигантта» 1386 тиын табылды.